Атырау облысындағы жолдардың сапасы тексерілді
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрдан Жантуриннің айтуынша, жыл басынан бері 74 нысан 903 рет тексерілген.
«Атырау облысындағы жолдарды тексеру кезінде 335 ақау анықталды. Оның ішінде 70 өрсекел ақау бар. Жолдарды қыс мезгілінде күтіп-ұстауға қатысты 34 тексеру жүргізілді. Анықталған кемшіліктер бойынша тапсырыс беруші мен жолдарды күтіп-ұстайтын «Қазақавтожол» ЖШС-ға ұсыным хат жолданды. Соның нәтижесінде 67 кемшілік жойылды. Мәселен, «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолының кейбір бөліктерінде жол жиегі тегістелді. Ал, Қарабатан елді мекені, Мақат кенті мен Құрманғазы ауданының аумағындағы республикалық маңызы бар жолда асфальт бетіне түскен сызаттар жойылды. Дәл осындай сызаттар «Құлсары-Доссор» жолының аралығында, «Атырау-Орал» бағытындағы жолдың Индер ауданы тұсында анықталған еді. Бұл кемшілік те қалыпқа келтірілді», -дейді Нұрдан Жантурин.
Оның дерегіне сүйенсек, филиал мамандары жыл басынан бері Атырау облысында салынып жатқан жолдардың құрылысына пайдаланған материалдардан 1 614 сынама алған. Талдау нәтижесі 235 сынаманың еліміздегі стандарттарға сәйкес емесі анықталған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан бері жүк көліктерінің иелеріне 46 млн теңге айыппұл салынғанын хабарлаған едік.
Кейін Атыраудан Ресейге қатынайтын жол құрылысынан 61 ақау табылғанын жазған болатынбыз.