Атырауда арнайы балабақшада ерекше баланы қорлау дерегіне байланысты тергеу басталды

Оқиға Атырау қаласындағы «Жас ұрпақ» балабақшасында болған. Бұл туралы қоғам белсендісі Лугзана Байлауова Facebook-тегі парақшасында жазба қалдырды.
«Бүгін маған Екатерина есімді қыз телефон шалып, «Жас ұрпақ» жеке балабақшасында 3 жасар ұлын қорлауға байланысты видеоларды жіберді. Тиісті органдардан бұған назар аударуды сұраймын. АВА-терапия маманы Регинаны барлық сертификатынан айыру қажет деп ойлаймын», -деп жазды Лугзана Байлауова.
Видеода балабақша қызметкері ұлды жұлқылап, қолынан ұрғаны байқалады. Анасының жазуынша, ерекше баламен өткізілетін сабақ 45 минутқа созылуы тиіс.
«Алайда, балабақша қызметкері – АВА-терапия маманы дәріс өткізуді 5-10 минутпен шектейді. Үнемі телефонмен отырады. Ол телефонмен отыруына кедергі келтірген баланы ұрады», -деп жазған Екатерина.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, аталған дерекке байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Балабақшадағы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігімен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы орталықта ай сайын 100 ерекше бала оңалтудан өтетінін хабарлаған болатынбыз.