Атырауда қаржы пирамидасы 35 адамға 49 млн теңге залал келтірген
Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде «QazHome» қаржы пирамидасын ұйымдастыру дерегі анықталды.
«Аырауда қаржы пирамидасын құрған тұлғалар әшкереленді. Олар «QazHome» тұтыну кооперативі құрып, жеке және заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге де мүлкін тартудан, кейбір қатысушылардың активтерін қайта бөлуден, басқалардың жарналары есебінен кіріс алу қызметін ұйымдастырған. Аталған қылмыстық істі Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері тергеп, тексерді. Тергеу барысында анықталғандай, кооператив қызметіне 296 салымшы тартылған. Салымшылардың тек 35-і ғана шағымданып, арыз жазды. Арыздар бойынша залал сомасы 49 млн теңгеден асады», -деп хабарлады агенттіктің аспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда қаржы пирамидасын құру күдігімен екі компанияға қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлаған болатынбыз.
Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің штаб бастығы Бекболат Әнесовтің дөңгелек үстелде мәлім еткеніндей, жыл басынан бері қаржы пирамидасын құруға байланысты 3 дерек тіркелген.
«Тұрғындарды алдап-арбаудың алдын алу үшін мониторинг жүргізіледі. Мониторингтің нәтижесінде биылғы бес айда 3 дерек әшкереленді. Қазір «Chia Tai Tianging» және «InCruises» ЖШС-ға қатысты қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету дерегімен қозғалған қылмыстық іс тергеліп жатыр», - деп хабарлады Бекболат Әнесов.