Атырауда кейбір мектептің жөндеу жұмысы қыркүйекке дейін аяқталмайды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда кейбір мектептің жөндеу жұмысы қыркүйекке дейін аяқталмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Атырау қалалық білім бөлімі басшысының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Ерлан Балмұхановтың айтуынша, 5 мектептегі жөндеу жұмыстары шілде айында басталған. Бұл – №19, 22, 27, 31 және 13-мектеп.

«Шартқа сәйкес жөндеу жұмыстарының мерзімі 3,5 айдан 6 айға дейінгі аралықта жүргізілуі тиіс. Мәселен, №22, 31 және 13-мектептердегі жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін аяқтауға мүмкіндік бар. Ал, №19 және 27-мектепті жөндеу жұмысының ауқымы үлкен. Сол себептен, бұл білім ордаларының оқушыларын өзге мектептерде уақытша оқыту мәселесі қаралып жатыр», -деп хабарлады Ерлан Балмұханов.

Оның айтуынша, Атырау қаласындағы №30 мектеп-гимназиясындағы жөндеу жұмыстарын 2024 жылы жүргізу жоспарланған.

«Қазір аталған мектеп-гимназия ғимаратында жүргізілетін жөндеу жұмыстарының жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға берілді. Жөндеуді келесі оқу жылына дейін аяқтау көзделген. Сол себептен, биылғы күзде жөндеуді бастауды жоспарлап отырмыз. Жөндеу жұмыстары кезінде бастауыш сынып оқушылары қыздарға арналған түрік лицейінің, 5-11 сынып оқушылары екі колледждің ғимаратында оқиды. Бұл оқу орындарындағы кабинеттер дайындалып, интерактивті тақталар мен оқу үдерісіне қажетті барлық жабдық орнатылып жатыр», -деп мәлім етті Ерлан Балмұханов.

Бастауыш сыныптардағы оқушыларды ыстық тамақпен қамту көзделген. Қазір әлеуетті жеткізушілерді анықтау үшін конкурс жарияланған. Ал, оқулықтар 8 тамызда жеткізіледі.

Еске сала кетелік, Атырауда төбесі тесік мектептің бастауыш сынып оқушылары онлайн оқуға жіберілгенін жазған едік.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, №30 мектеп-гимназиясының шатырынан 2007 жылдан бері су ағады. Мұндай жайт биыл тағы қайталанды.

Білім ордасында 54 кабинет бар. Шатырдан аққан судан 40 кабинет жарамсыз болып қалған.


Соңғы жаңалықтар