Атырауда көктайғақ: екі көлік соқтығысып, бір жолаушы ауруханаға түсті

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жол-көлік оқиғасы 16 қарашада сағат 11:00 шамасында болған.
«Бүгін «Атырау-Доссор» бағытындағы тас жолдың бойында орналасқан дәмхана тұсында «Toyota Hilux» көлігінің жүргізушісі көктайғақта рульге ие бола алмай қалған. Соның
салдарынан жол жиегінде тұрған «Lada Priora» автокөлігіне соқтығысқан. Жол-көлік апатының салдарынан «Lada Priora» көлігінiң жолаушысы жарақат алды. Жарақаттанған
жолаушы Атырау облыстық ауруханасына жедел жеткізілді» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Облыстық полиция департаменті ауа-райының күрт өзгеріп, температураның төмендеуіне байланысты жүргізушілерге ескерту беріп отыр.
«Күзгі-қысқы кезеңнің басталуымен ауа-райының, яғни метеорологиялық жағдайдың өзгеруі көлік жүргізуге әлдеқайда қауіпті болады. Жылдың осы мезгілінде өте мұқият болу керек екенін ескерткіміз келеді. Жылдамдық режимін, сондай-ақ, автомобильдер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау, қысқы дөңгелектермен жабдықтау жолдағы
күтпеген апаттың алдын алуға бірден-бір себепші болады» -делінген ескертуде.
Қазір жол-көлік оқиғасына байланысты тексеру жүріп жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда Ресейде тіркелген көлік жүргізушісі адам қағып,
мерт қылғанын жазған болатынбыз.