Атырауда полицейлер заңсыз сақталған 3 қаруды тәркіледі

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, түзету мекемесінде отырған 24 жастағы жігіт қарудың жасырылған орны туралы ақпарат берген.
«Полиция қызметкерлері аталған ақпаратқа сәйкес тексеру жүргізіп, 2 қаруды тапты. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, «Қару-2022» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде 1999 жылғы жігіт Жайық өзенінің жағалауынан тауып алған пневматикалық тапаншаны өз еркімен полицияға тапсырды. Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды», -дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында заңсыз сақталған 24 қару тәркіленгенін жазған болатынбыз.