Атырауда төленбеген айыппұлы бар жүргізушілерден 30 млн теңге өндірілді

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 30 мамыр – 30 маусым аралығында «Борышкер» іс-шарасы өткізілген.
«Аталған іс-шара кезінде жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу көзделді. Сол себептен, полиция қызметкерлері жеке сот орындаушылармен, мемлекеттік кірістер органының қызметкерлерімен бірге рейдтер өткізді. Бірлескен рейд кезінде айыппұлын төлемеген жүргізушілердің 500-ге жуық автокөлігі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 785-бабына сәйкес арнаулы тұраққа қойылды. Ал 700-ге жуық көлік құралының жүргізушілерінен 30 млн теңгеден астам төленбеген айыппұл өндіріліп алынды», - деп хабарлады Атырау қалалық патрульдік полиция батальонының командирі Дәурен Насиполла.
Оның айтуынша, жүргізушілерге жолда жүру ережесінің қағидасы түсіндірілген. Жол ережесін бұзушыларға 7 күн ішінде айыппұлдың 50 пайызын төлеуге болатыны жөнінде айтылған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда айыппұлын төлемей жүрген 134 борышкерден 2 млн теңге, кейін жүргізушілерден 16 млн теңге өндірілгенін жазған едік.