Атырауда түн ішінде қар құрсауында қалған көліктен ана мен бала құтқарылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында түн ішінде қар құрсауында қалған көліктен ана мен бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, 16 ақпанда түнгі сағат 22:45-те жол талғамайтын көліктің қарға батып қалғаны туралы ақпара түскен.

«Индер ауданының орталығы – Индербор кентінен 4 адам «Mitsubishi Pajero» маркалы көлігімен қыстақтардың біріне бару үшін жолға шыққан. Алайда, жолаушылар діттеген жеріне жете алмай, аудан орталығынан шамамен 30 шақырым қашықтықта жолда тұрып қалған. Бұған автокөлік қарға батып, жүре алмағаны себеп болған. Осыған байланысты Индер аудандық төтенше жағдайлар және өрт сөндіру бөлімдерінің 3 қызметкері авариялық-құтқару жұмысын жүргізу үшін оқиға орнына аттанды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.


Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде қарға батқан автокөлікте 4 адамның бары анықталды. Оның үшеуі ересек, біреуі бала.

Қар құрсауынан құтқарылған 4 адам көлігімен бірге Индербор кентіне аман-есен жеткізілген. Құтқарылған жолаушылар медициналық көмекті қажет етпеген.

«Көлік жүргізушілері мен тұрғындардан қыс мезгілінде түнге қарай жолға шықпауды сұраймыз. Өйткені, қазір Атырау облысында да қалың қар жауды. Ауа райы жиі құбылып тұр. Қалың қар жауды. Осыған байланысты ауа райының құбылуы туралы 112 қызметі жіберетін SMS хабарламаларды ескеріп, алыс жолға шығуды кейінге қалдырған жөн», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында бір күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен малшы табылмай жатқанын, кейін оның өзі тұратын қыстақтан 5 шақырым қашықтықтан табылғанын жазған едік.

Фото: Атырау облысы ТЖД


Соңғы жаңалықтар