Атырауда тұрғын үйлер мен зираттарды тонап кеген 4 адам ұсталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда тұрғын үйлер мен зираттарды тонап келген 4 адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, күдіктілердің жасы 29 – 33 жас аралығында.

«Атырау қалалық №2 полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде шаһар аумағындағы тұрғын үйлерге, оған қоса зираттарға ұрлыққа түскен 1989, 1992, 1992 және 1993 жылы туған төрт күдіктіні анықтап, ұстады. Күдіктілер ақпан-мамыр айлары аралығында алдын ала сөз байласу арқылы Атырау қаласы аумағындағы зираттардан металл айшықтар мен құлпытастарды қолды етіп, марқұмдардың туыстарына 3 млн 570 мың теңгеге материалдық шығын келтірген.

Ұрлықты кәсіп еткендер бұл қылмыстық іс-әрекеттерімен шектелмей, Атырау қаласының шағынаудандарындағы 6 тұрғын үй-жайға заңсыз кіру арқылы әртүрлі өндірістік техникаларды, алтын бұйымдарды, ойын приставкасын, құрылыс құралдарын жасырын жымқырған. Сөйтіп, тұрғын үй иелерін 6 млн теңгеге шығынға батырған», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Төрт күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 1,2,3) тармақтары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Қылмыстық іс заңды шешім шығару үшін сотқа жолданды.

Бұған дейін «қаңтар оқиғасына» қатысқан 27 атыраулықтың ісі бойынша сот отырысы 19 қыркүйекте өтетінін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар