Атыраудағы Нарын каналында балық қырылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы Нарын каналында балық қырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Видеодан алынған кадр

Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, Нарын каналы Исатай ауданында орналасқан.

«Бүгін Исатай ауданының аумағындағы Нарын каналында балықтың қырылу дерегі анықталды. Осыған байланысты арнайы комиссия құрылды. Комисся мүшелері бекітілген балық қырылған аумаққа барып, тиісті алгоритмге сәйкес мәселенің мән-жайын зерделеуді бастады. Комиссия құрамында Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының, Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы инспекциясы мен экология департаментінің өкілдері бар», -деп хабарлады Артур Сәдібекұлы.

Басқарма басшысының айтуына қарағанда, қазір Нарын каналындағы су мен өлген балықтан сынама алынып жатыр. Сынамалар арнайы сараптамаға жіберіледі. Ал, өлген балықтар жиналып, санитарлық талаптарға сәйкес жойылады.

«Балық қырылу себебі анықталып жатыр. Ал, қырылған балықтың мөлшері, табиғатқа келтірілген шығын көлемі сараптама қорытындысы шыққан соң қосымша хабарланатын болады», -деп мәлім етті Артур Сәдібекұлы.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында балықтың қырылу қаупі жоғары екенін хабарлаған болатынбыз.

«Қазір су айдындарында балық қырылуы мүмкін қауіпті аймақтардың тізімі жасақталып, бақылау жұмыстары күшейтілді.​ Әр тоқсан сайын атқарылған жұмыстарға талдау жүргізіледі. Орман қорының аумағындағы су айдындарында балықтың қырылу қаупі өте жоғары деңгейде сақталып отыр. Өйткені, орман қорындағы су көздері қураған ағаштар мен өсімдіктерден тазаланбаған. Бұл шабақтың еркін қозғалысына кедергі келтіріп, қырылуына әкеп соқтыруы мүмкін», -деген еді Артур Сәдібекұлы.


Соңғы жаңалықтар