Атыраудағы жылу желілерінің 68 пайызы тозған

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ның жұмысымен танысты.
Биылға арналып бекітілген тарифтер шеңберінде кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасына өзгеріс енгізілген. Мәселен, жылу желілерін қайта құру және жаңғыртуға 573 млн теңге қаралған. Бұл коммуналдық желілердің тозуын 1,5%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Ал энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруға 151 млн, жабдықтарды жаңғыртуға 22 млн теңге жұмсалады. Жылумен жабдықтау тарифі 7%-ға, ал коммуналдық төлем 2 мың теңгеге дейін өскен.
Кәсіпорында 636 адам жұмыс істейді. Қызметкерлердің жалақысы 2 есеге артқан.
Министрдің пікірінше, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске асырылуын мұқият бақылау қажет. Тұрғындармен кері байланысты күшейткен жөн.
«Жүргізіліп жатқан барлық іс-шара апаттар мен желіден ажыратулар санын төмендетуге, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартады. Қаржының дивидендтерге, кәсіпорындардың басқа да шығындарына жұмсалмауы үшін инвестициялық бағдарламалардың орындалуын мұқият қадағалау қажет. Қазір адамның қатысуынсыз тексеру кестесін белгілейтін тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді. Коммуналдық төлем негізсіз көтерілсе, тұтынушыларға ақшаны қайта есептеу арқылы қайтарылады. Ал табысы төмен отбасылар тұрғын үй жәрдемі механизмімен коммуналдық өтемақы алады», - деді Әлібек Қуантыров.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын ауыл кәсіпкерлері кепілге ұсынатын мүлік құны төмендегеніне шағымданғанын жазған едік.