Аудит «Яндекс.Такси» тарифін қайта қарауға міндеттеді

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі «Яндекс.Такси» қызметі баға мәселесін қайта қарайды.

Яндекс Такси
Фото: Яндекс Такси

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің сала сарапшыларымен бірлесіп жүргізген Яндекс.Такси қызметінің алгоритмдік баға белгілеу жүйесіне жүргізілген аудит бірқатар факторды анықтады. Аталған факторлар тарифтің өсуіне әкелуі мүмкін.

Аудиттік тексеру нәтижесінде такси қызметі барысында жолақы құнының қалыптасуындағы ашықтыққа кері әсер ететін тәуекел бары белгілі болды. Атап айтқанда, қаланың виртуалды шекарасының әкімшілік шекаралармен сәйкес келмеуі, бағаға қатысы жоқ параметрлердің әсері, мобильді қосымшада жолақыны есептеу туралы толық ақпараттың болмауы және бағаның әуежайдағы жолаушылардың тұрған жеріне байланысты белгіленуі.

Бұған дейін аудиттен өту міндеттемесі Яндекс.Такси мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі арасында жасалған монополияға қарсы комплаенс шеңберінде көзделген болатын. Аудит жүргізудегі мақсат — таксиге жоғары сұраныс кезін қоса алғанда, жол жүру құнына әсер ететін шарттар мен параметрлерді зерттеу.

Аудит кезінде анықталған тәуекелдердің бір бөлігі жойылды, ал қалғандары бойынша компания белгілі бір міндеттемені мойнына алды. Мысалы, «Яндекс+» адалдық бағдарламасының шартына өзгерістер енгізілді. Енді пайдаланушыларға жеңілдікті ұсыну бойынша барлық шығынды сервис өз мойнына алады.

Сондай-ақ комплаенске жаңа ережелер енгізілді. Атап айтқанда, такси компаниясы монополияға қарсы заңнаманы бұзудың, негізсіз баға өсірудің және жүргізушілердің табысын төмендетудің алдын алуға бағытталған іс-шара кешенін іске асыруға міндеттелді.

Биыл мамырда «Яндекс.Такси» тарифтің қымбаттауы туралы үш күн бұрын хабарлауға міндетті екенін жазған едік.

Айта кетейік, Қазақстан мен Яндекс ынтымақтастығы аясында жаңа жобалар іске қосылады.

 

Соңғы жаңалықтар