Әуе электр беру желілерінің жаңа ақау анықтау жүйесі пилоттық сынақтан сәтті өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жасанды интеллект технологияларын қолданатын әуе электр беру желілерінің (ЭБЖ) жаңа ақау анықтау жүйесі пилоттық сынақтан сәтті өтті. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.

Әуе электр беру желілерінің жаңа ақау анықтау жүйесі пилоттық сынақтан сәтті өтті
Фото: Энергетика министрлігі

Жүйе «Жанармай-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» (EnergyTech) ақпараттық платформасы аясында, ЖЭК-ті цифрлық трансформациялау картасына сәйкес енгізілуде.

Цифрлық сервис келесі мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:

  • бейнематериалдар, фотосуреттер, термобейнелеу және LiDAR-деректерді талдау арқылы ЭБЖ-дегі ақауларды автоматты анықтау;

  • анықталған ақауларды техникалық нүктелерге байланыстыра отырып, нысандарды цифрлық тіркеуден өткізу;

  • техникалық жағдайды машиналық оқыту арқылы талдау (анықтау дәлдігі – 98%-ға дейін);

  • жасанды интеллект модельдерін қайта оқытуға арналған эталондық мәліметтермен салалық визуалды ақпарат дата-орталығын құру;

  • ақауларды техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүйелеріне автоматты түрде бағыттау.

Жүйе EnergyTech платформасының архитектурасына интеграцияланған. Энергетика министрлігінің дерегінше, бұл шешім электр энергиясын жеткізу және тарату желілеріндегі апаттылықты азайтуға, проактивті диагностика мен цифрлық техникалық қадағалауға көшуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жүйені енгізу Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаның мақсаттарына толық сәйкес келеді. Жоба аясында салалық негізгі үдерістерді кең көлемде цифрландыру жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясы қандай болатыны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар