Ауғанстан Амудария бассейнінен мұнай өндіруді көздеп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Ауғанстан Амудария бассейнінде 25 жаңа мұнай ұңғымасын ашуды жоспарлап отыр, бұл аудандағы тәуліктік мұнай өндіруді 3 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді, деп жазады TOLOnews.

Еліміздегі тағы бір ірі компания мұнай өндіру көлемін азайтты
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Ауғанстанның Тау-кен өнеркәсібі және мұнай министрлігінің мәліметінше, қазір бұл жерлерде 24 ұңғыма жұмыс істеп жатыр, олардан тәулігіне 1,3 мың тонна мұнай алынады.

Жергілікті сарапшылар билікке нақты әрі пропорционалды жоспар негізінде жаңа ұңғымаларды қазып, өндірілген мұнайды өңдеуге инвесторлар тартуды ұсынып отыр.

– Ауғанстанда әлеуетті бай табиғи ресурстар бар, бірақ, өкінішке қарай, бізде бұл ресурстарды өңдейтін заманауи құрал-жабдықтар жоқ, – дейді экономикалық сарапшы Абдул Захур Мадабер.

Ол сондай-ақ, өңдеу жабдықтарын импорттауда басқа елдермен ынтымақтасу қажеттігін баса айтты.

– Табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу, жаңа жұмыс орындарын ашу – Ауғанстандағы инфляцияның төмендеуіне оң әсер етуі мүмкін, – дейді тәуелсіз экономист Мохаммад Асиф Станекзай.

Тау-кен және мұнай министрлігінің статистикасы бойынша, қазір Ауғанстанның мұнайға деген қажеттілігінің тек 10 пайызы ғана ішкі көздерден қамтамасыз етілген.

Соңғы жаңалықтар