Ауғанстандағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2200-ден асты
АСТАНА.KAZINFORM — Бейсенбі күні құтқарушылар Ауғанстандағы жер сілкінісінен қираған үйлердің астынан тағы жүздеген адамның денесін алып шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Соңғы мәліметтер бойынша, қаза тапқандар саны 2205 адамға жеткен. Тағы 3640 адам жарақат алды.
Бұл туралы X әлеуметтік желісінде Талибан қозғалысының ресми өкілінің орынбасары Хамдулла Фитрат хабарлады.
Оның айтуынша, құтқару және іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр, әртүрлі аумақтарда адамдарға арналған шатырлар тігіліп, алғашқы медициналық көмек пен қажетті заттар жеткізіліп жатыр.
Ауқымды қирау Пәкістанмен шекаралас Кунар провинциясында тіркелді.
Айта кетейік, 1 қыркүйекке қараған түні Ауғанстанда күші 6 балдық жер сілкінісі болды. Бұл соңғы жылдардағы елдегі көп адам өлімі тіркелген жойқын жер сілкінісі болды.
Кейінірек 2 қыркүйекте 5,5 баллдық екінші жер сілкінісі қайталанып, таудан тас құлап, шалғай аудандардағы ауылдарға баратын жолдар жабылғандықтан құтқару жұмыстары қиындады.
Бұған дейін Ауғанстандағы жер сілкінісінен қаза болғандар саны 1411 адамға жеткенін хабарлаған едік.