Ауғанстандағы жер сілкінісінен Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ

Ауғанстандағы жер сілкінісінен Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Жер сілкінісі
Фото: 47news

«Дипломаттарымыз зардап шеккен жоқ. Елшілік астанасында (Ауғанстан астанасы Кабул қаласы) орналасқан. Астанасында айтарлықтай тербеліс бола қоймады. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар арасындағы Қазақстан азаматтары туралы ақпарат та келіп түспеді. Ешқандай өтініш болмады. Егер қандай да бір өтініш болса, жедел хабарлаймыз», - деді Айбек Смадияров министрліктегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ауғанстанның батысында көптеген адам шығынына әкеп соқтырған қатты жер сілкінісі туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын атап өтті.

«Осы қиын сәтте қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына, сондай-ақ бүкіл ауған халқына шын жүректен көңіл айтамыз. Жарақат алған Ауғанстанның барлық азаматтарына тезірек сауығып кетуін тілейміз. Осыған байланысты қазақстандық тарап ауған халқына тиісті жедел көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдейміз», - деді ресми өкіл.

Бұған дейін Ауғанстандағы алапат жер сілкінісінен 2053 адам қаза тапқанын хабарлаған едік. Ал бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсететіндігі белгілі болды. 

Соңғы жаңалықтар