Ауғанстанға гуманитарлық көмек: Арнайы ұшақ Алматыдан Шымкентке аттанды
Ауғанстанның Герат аймағындағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмек Алматыдан Шымкентке ұшып шықты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Астанадан 1 тонна медициналық дәрі-дәрмек алып ұшқан Y8F200W ұшағы Алматыға қонып, шатыр мен дәрі-дәрмек тиеп, Шымкентке бет алды.
Ол жерден арнайы рейс қосымша дәрі-дәрмек толтырып, ертең Ауғанстанның Герат аумағына аттанады.
Бұған дейін гуманитарлық көмек тиеген арнайы рейс Астанадан Алматыға жеткенін хабарлаған едік.
Еске салсақ, 7 қазан күні Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясындағы 6,3 балдық жер сілкінісі салдарынан 2053 адам қаза тауып, 9 мыңнан астам адам жарақат алған.
Бұған дейін Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсететіні хабарланған еді.
Гуманитарлық көмек азық-түлік тауарлары, шатыр, дәрі-дәрмек, киім-кешек және басқа да қажетті заттардан тұрады.
Жүктің бір бөлігі әуе жеткізілсе, бір бөлігі теміржол көлігімен жөнелтіледі.
Сонымен қатар Ауғанстанға үйінді астында қалған адамдарды құтқару үшін ТЖМ құтқарушылары, соның ішінде кинолог мамандар жіберілетіні айтылды.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Ауғанстандағы жер сілкінісінен Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ.