Ауғанстанға гуманитарлық көмек тиелген арнайы рейс Астанадан шығып, Алматыға жетті
Ауғанстанның Герат аймағында болған жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек тиеген арнайы рейс Астанадан ұшып шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Гуманитарлық көмек тиеген Y8F200W ұшағы Астанадан Алматыға ұшып шықты.
«Бүгін Ауғанстан мемлекетінде болған жер сілкінісіне байланысты гуманитарлық көмек тиеп жатырмыз. Қазір Астана қаласынан 1 тонна медициналық бұйым мен дәрі-дәрмек арттық. Одан кейін Алматы қаласынан шатырлар алып, Шымкент қаласынан тағы медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмек тиейміз. Келесі күні осы гуманитарлық көмектің бәрін Ауғанстан мемлекетіне жеткіземіз», - дейді Ұлттық ұлан әскери бөлімінің авиациялық жасақ командирі Құрманғали Топанов.
Еске салсақ, 7 қазан күні Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясындағы 6,3 балдық жер сілкінісі салдарынан 2053 адам қаза тауып, 9 мыңнан астам адам жарақат алған.
Бұған дейін Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсететіні хабарланған еді.
Гуманитарлық көмек азық-түлік тауарлары, шатыр, дәрі-дәрмек, киім-кешек және басқа да қажетті заттардан тұрады.
Жүктің бір бөлігі әуе жеткізілсе, бір бөлігі теміржол көлігімен жөнелтіледі.
Сонымен қатар Ауғанстанға үйінді астында қалған адамдарды құтқару үшін ТЖМ құтқарушылары, соның ішінде кинолог мамандар жіберілетіні айтылды.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Ауғанстандағы жер сілкінісінен Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ.