«Ауыл аманаты»: Ақтөбеліктердің көбі құс шаруашылығын дамытуға несие алған
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбеде «Ауыл аманаты» жобасы аясында 7,7 млрд теңге несие берілді. Тұрғындардың көбі ақшаны құс өсіруге алды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында барлығы 10 млрд теңгенің 1900-ге жуық жобасы мақұлданды. Алайда тек 7,7 млрд теңге болатын 1667 жобаға несие берілді. Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, қаңтар айында 51 жобаға 250 млн теңге, ақпан айында 83 жобаға 519 млн теңге қаржы несие берілді.
Ақтөбенің Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз аудандарында көрсеткіш әлі де төмен.
- Құс шаруашылығы бағытында 2,2 млрд теңгеге 569 жоба, мал шаруашылығында шамамен 290 млн теңгеге 43 жоба іске асты. Өсімдік шаруашылығына бөлінген қаржы 1 млрд теңгеден асып, ауылдарда 98 шағын жылыжай ашылды. Кәсіпкерлер өңдеу және шағын бизнестің өзге түрлерін де іске асырды. Бұл бағытта 4,1 млрд теңгеге 824 жоба қолдауға ие болды. Оның ішінде наубайхана мен кондитер, шағын сүт өңдеу және ет өңдеу цехы бар. Қазіргі кезде тапсырылған құжаттардағы қателік, несие беруді тежеп тұр. Бүгінде 94 жобаның кепіл құжаттары бойынша ескерту бар, - деді Құсайын Сәрсембай.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров санға емес, сапаға мән беруді тапсырды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында алынған несиенің мақсатты пайдалануын растайтын құжаттарды да уақытылы ұсынылуы керек.
- Жобаға қатысуға ниет білдіргендердің қаржылық жағдайына қарау қажет, яғни, кіріс бөлігі алған несиесін қайтаруға жеткілікті болатындай болуға тиіс. Сондықтан аталған жоба аясында қаржыландыру кезінде осы мәселелердің бәрін зерттеп, нақты шешім қабылдау қажет. Бізге сан емес, сапа маңызды, - деді облыс әкімі.