Ауыл бюджеті: қаржылық дербестікті жетілдірудің жолы қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтердің қаржылық дербестігін арттыру қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өткен мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында Үкіметке осындай міндет жүктеді. Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігінің қандай жоспары бар? Ауыл әкімдері не дейді?
«Мәселе егжей-тегжейлі талқылауды талап етеді»
Бұрын еліміздегі бюджеттік жүйе үш деңгейден тұрған еді: республикалық бюджет, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеті және аудандық бюджет (облыстық маңызы бар қала бюджеті). Ауылдық округтер (аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кент, ауылдық округтер) аудандық бюджеттен қаржыландырылып келді.
Ал 2018 жылдан бастап бюджеттің жаңа IV деңгейі енгізілді. Бұл - аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеті. Бюджеттің IV деңгейіндегі кіріс 8 түрлі салық түсімінен, түрлі төлемнен, айыппұлдардың және аудандық бюджеттен берілетін трансферттерден қалыптасады.
Сонымен бірге, ҚР Бюджет Кодексі 56-1 бабының 1-тармағына сәйкес, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттерінің шығыстары 17 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Онда әкім аппаратының жұмыс істеуі; елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету; көшелерді жарықтандыру; абаттандыру және көгалдандыру; автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау қарастырылған.
«Қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет», — деді Президент форумда.
Ұлттық экономика министрлігі ұсыныстар жобасын жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен талқылауға кіріскен.
«Бұл ретте ауылдық округтер бюджетінің шығыстарын қайта қарау егжей-тегжейлі пысықтауды және кеңінен талқылауды талап етеді. Қазіргі уақытта өңірлермен, оның ішінде ауылдық округ әкімдерімен тиісті талқылаулар жүргізіліп жатыр», - деп жазылған министрліктің агенттік тілшісіне берген ресми жауабында.
Кірісті көбейту үшін не істеу керек?
Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, ауылдық округтер бюджетінің кіріс көздерін кеңейту жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Бюджеттің IV деңгейі енгізілген 2018 жылдан бері меншікті кірістер түсімдері 2 есе ұлғайған. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша IV деңгейдегі бюджетке 320 млрд теңге, оның ішінде өз табысынан 68 млрд теңге түсті.
Түсімдердің өсуіне салықтық әкімшілендірудің жақсаруымен қатар, ауыл бюджетінің кіріс көздерінің кеңеюі де ықпал етті. 2022 жылдан бастап бюджеттің IV деңгейіне салықтар мен төлемдердің қосымша 4 түрі:
- бірыңғай жер салығы
- жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы
- жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер
- жер учаскелерін жалдау құқығын сатқаны үшін төлемақы берілген еді.
Осы төлем түрлері бойынша қосымша түсімдер 2023 жылы 16 млрд теңге немесе жалпы түсімдердің 23,5%-ы болды.
«Бұдан басқа, жаңа Бюджет кодексі шеңберінде бюджеттің IV деңгейіне пайдалы қазбаларды өндіру салығын ауылдық округ аумағында орналасқан кең таралған пайдалы қазбаларға, жерасты суларына және емдік балшықтарға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бюджеттің IV деңгейіне жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы заңнаманы жетілдіру шеңберінде салықтар мен төлемдердің қосымша түрлерін беру мәселесі пысықталып жатыр», - дейді министрліктен.
Ауыл әкімдері төртінші деңгейлі бюджеттің тиімділігін және оның кіріс бөлігін молайту жолдарын жетілдіру қажеттігін айтады.
«Бұрын үшінші деңгейде болғанда, қаржы бізге түспейтін еді. Қазір түскен қаржы өзімізге аударылып отыр. Мұның тиімділігі сол. Әрине, бұдан ауыл бюджетінің артып отырған ештеңесі жоқ. Кірісті көбейту үшін ауылдан шыққан, қазір қалада тұратын бизнесмендердің джип сияқты қуатты көліктерінің салығы бізге түссе, тиімді болар еді. Қаражатты бөлуге жергілікті қауымдастық үнемі қатысып отырады. Олармен ақылдасып, қаржыны қандай мақсатқа жұмсайтынымызды айтамыз. Олар да өз пікірін айтады. Депутатымыз бар, қоғамдық кеңес те халық болып есептеледі. Көгалдандыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз, «Жасыл Қазақстан» да бар. Бәрі де бюджет қаржысына келіп тіреледі. Қорыта айтқанда, төртінші деңгей тиімді. Бөлінген қаржы да ашық, халыққа көрініп тұрады», - дейді БҚО Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылдық округінің әкімі Ерлан Ермекқалиев.
«Бюджеттің төртінші деңгейіне көшу әкімдерге ауыл халқының қажеттіліктеріне қатысты барлық жобаларды дербес іске асыруға мүмкіндік береді. Түсімдерді ұлғайту үшін ауылда шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс, өйткені ауыл бюджеті осыған байланысты. Салықтық және салықтық емес төлемдер есебінен ауылдық округ бюджетіне түсетін қаражат тек қана ауылдық округті дамытуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталады. Оның ішінде: елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау, елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыру және басқа да мәселелер бар. Жергілікті өзін-өзі басқару шығындары міндетті түрде жергілікті қоғамдастықпен келісіледі», - дейді Абай облысы Аягөз ауданы Нарын ауылдық округінің әкімі Медет Түсіпов.
Тұрғынсыз қалып жатқан ауылдар да бар
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы заңға сәйкес, елдi мекен – ел аумағының халық жинақы орналасқан, халық саны кемiнде 50 адам болатын, азаматтардың шаруашылық және басқа қоғамдық қызметi нәтижесiнде қалыптасқан, ҚР заңдарында белгiленген тәртiппен есепке алынған және тiркелген әрі жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар басқаратын бiр бөлiгi.
Облыстық әкімдіктердің мәліметі бойынша, қазіргі таңда халқының саны 50-ден аз, жалпы саны 14,6 мың адам тұратын 574 ауылдық елді мекен бар.
«Аталған заңның 2-бабының 3-тармағына сәйкес, халқының саны 50 адамнан аз шаруа қоныстары мен өзге де қоныстар ең жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгiзiледi. Мұндай таратылған ауыл тұрғындары басқа елді мекендерге қоныс аудармай-ақ тұруын жалғастыра алады. Бұл ретте, мемлекет тарапынан осы ауылдардың инфрақұрылымын қолдау, сондай-ақ халыққа базалық қызметтер көрсету сақталады», - деп түсіндірді министрліктен.
Сонымен қатар, 50 адамнан аз шағын ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту және жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларына сәйкес, басқа елді мекендерге көшу үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмысқа орналастыру, көлікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету жағдайлары қарастырылған.
Айта кетсек, елімізде әкімдердің жұмысы KPI көрсеткіші бойынша бағаланады. Оның түрі де баршылық. Биыл тағы бір критерий енгізілді, ол — отбасылардың әл-ауқатын көтеру. Агенттік тілшісі депутат, қоғам белсендісі мен саясаттанушыдан KPI көрсеткіші тағы қандай салалар бойынша анықталуы тиістігін сұрап білген болатын.