«Ауыл – Ел бесігі»: Ақтөбе облысында кіреберіс жолдарды жөндеу ұсынылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Ақтөбеге 6,6 млрд теңге бөлінеді. Облыс қаржының бір бөлігін ауылға кіреберіс жолдарды жөндеуге бөлу туралы ұсыныс берді.
Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 32 ауылда құрылыс жұмыстары жүреді. Барлығы 46 жобаны іске асыруға 6,6 млрд теңге бөлінеді. Оның бесеуі спорт кешені, 8-і мәдениет үйі. Сонымен бірге 3 денсаулық сақтау және 7 білім беру нысаны да бар. Жоспар бойынша 48 шақырымды құрайтын 18 жол құрылысы және 31 шақырым болатын 5 инженерлік желі салынады.
- «Ауыл – Ел бесігі» аясында елді мекендерге кіреберіс жол салуға рұқсат етілмейді. Өңірімізде автожолдар сапасының өзектілігін ескере отырып, тізімге бұл жұмыстарды қосу үшін министрлікке тиісті ұсыныс енгізілді. Бүгінде ұсыныс қаралып жатыр. Сонымен қатар қазіргі таңда 2025 жылдың жобалар тізімін әзірлеуге кірістік. ҚР Ауылдық аумақтарын дамыту тұжырымдамасына сәйкес келесі жылдан бастап тек тірек елді мекендер қолдау таба алады. Қазіргі таңда облысымызда 77 тірек ауыл бар. Жалпы ауылдарға басымдық беру критерийлері 4 блокқа бөлінеді. Олар: демографиялық, инфрақұрылымдық, экономикалық және өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкестік блогі,- деді Ақтөбе облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Марал Мыржықбаева.
Айта кетейік, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы басталғалы 187 ауылда құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оған 28,4 млрд теңге жұмсалды. Былтыр 45 жоба қолға алынса, оның 8-і мектеп құрылысы.