Ауыл шаруашылығы қызметкерлері үшін зейнет жасын қысқарту ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Үкімет отырысында осындай ұсыныс айтты.

Оның айтуынша, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде 285,5 мың өнім өндіруші жұмыс істейді, олар шамамен 1 млн адамды жұмыспен қамтып отыр.
— АӨК салалары бойынша шамамен 6,5 мың маманға қажеттілік бар, оның ішінде білікті қызметкерлер бойынша — 3,5 мыңнан астам жұмыс орны бар. Министрлік жаңа жұмыс орындарын құруға және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ұйымдасқан шаруашылықтарға көшіруге жағдай жасап отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру жылдары ауылда 115 млрд теңгеге 17 мыңнан астам микрокредит беріліп, шамамен 20 мың жаңа жұмыс орны құрылды, — деді А. Бердалин Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге, 2025 жылы 616 млрд теңгеге 285 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл 6,3 мың тұрақты және уақытша жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, еңбек ресурстары балансының болжамымен аграрлық мамандықтарға жыл сайын шамамен 4 мың грант бөлінеді. Ауылдан шыққан талапкерлерді ынталандыру үшін ауылдық квота қолданылады. Ол бүкіл мемлекеттік білім беру тапсырысының 30%-ынан 35%-ына дейін ұлғайтылды. Ауыл квотасымен оқыған түлектер оқуын бітірген соң кемінде үш жыл ауылда жұмыс істеуі керек.
— Соңғы жылдары заманауи ауыл шаруашылығы уақыт талабымен жаңарып, цифрландыру есебінен технологиялық және өнімді салаға айналды. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мәртебесі артып келеді, оны одан әрі көтеру үшін жалақыны арттыру, зейнет жасын төмендету, ауыл тұрғындарына әлеуметтік төлемдерге жоғарылатылған коэффициент қолдану ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, ауылда тұрғын үй құрылысына арналған субсидия нормасын арттыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Бұл шаралар еңбек жағдайын жақсартуға, жаңа кадрларды тартуға және ауылда адамдарды тұрақтандыруға мүмкіндік береді, — деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Айта кетейік, елімізде зейнетақы да автоматты түрде тағайындалатын болды.
Егер зейнеткер жеке шотынан үш ай бойы төлем алмаса, оның зейнетақысы уақытша тоқтатылуы мүмкін.