Ауыр атлет Артем Антропов әлем чемпионатында үздік ондыққа кірді

АСТАНА. KAZINFORM — Нинбода (Қытай) өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында ерлер арасында 110 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды.

Ауыр атлет Артем Антропов әлем чемпионатында үздік ондыққа кірді
Фото: ҚР ҰОК

Бұл сында Қазақстан намысын Артем Антропов қорғады.

Отандасымыз қоссайыс қорытындысы бойынша 393 келіні көтерді.

Жұлқа көтеруде Артем 167 келіні бағындырса, серпе көтерудегі үздік нәтижесі 226 келі болды. Осылайша, қазақстандық зілтемірші жалпы есепте сегізінші орынға тұрақтады.

Өзбекстан өкілі Акбар Джураев алтын медаль жеңіп алды. Ол қоссайыстың қорытындысы бойынша 432 (198+234) келі көтерді. Күміс жүлде 418 (185+233) келі көтерген ирандық Алиреза Насириге бұйырды. Ал Түрікменстан спортшысы Шахзадбек Матякубов 417 (187+230) келі көрсеткішімен үздік үштікті түйіндеді.

Айта кетейік, бұған дейін Нинбодағы әлем чемпионатында Нұрғиса Әділетұлы 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болған еді.