Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Фото: ҚР ҰОК

Спортшы 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол жұлқа көтеруде 182 келіні бағындырса, серпе көтеруде 217 келіні еңсерді.

Осылайша, қоссайыс қорытындысы бойынша 399 келі көтерген Нұрғиса Әділетұлы әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді.

Сонымен қатар отандасымыз жұлқа көтеру мен серпе көтеру жаттығуларының әрқайсысында күміс медаль жеңіп алды. Осылайша, оның қоржынында әлем чемпионатының екі кіші күміс жүлдесі де бар.

Болгариялық Карлос Насар 415 (185+230) келі нәтижесімен алтын медаль жеңіп алды. Ал ирандық Али Алипур 396 (181+215) келімен үшінші орынға тұрақтады.

Айта кетейік, бұл — Қазақстан құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі.

Еске салайық, биыл қыркүйек айында Нұрғиса Әділетұлы Аичи және Нагояда (Жапония) өткен жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған еді. Сол жарыста отандасымыз қоссайыстың қорытындысы бойынша 394 (177+217) келі көтерген болатын.

Нұрғиса Әділетұлы бұған дейін де әлем чемпионаттарында жүлде алған. Ол 2022 жылы Колумбияның Богота қаласында өткен әлем біріншілігінде күміс медаль иеленсе, 2024 жылы Бахрейннің Манама қаласында әлем чемпионы атанды.

Еске салайық, бұған дейін Қытайдың Нинбо қаласында ауыр атлетикадан өтетін әлем чемпионатына кімдер баратынын жазғанбыз.