Ауруды жасуша деңгейінде анықтауға болады – Қазақстанда тераностика бағыты қалай дамып келеді

медицина
Фото: m.pln24.ru

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Пезиденті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасында ядролық медицина бойынша «Қазақстандағы тераностика: жол басы» конференциясы өтіп жатыр.

Онда тераностикаға арналған радиофармпрепараттарды өндіру технологиялары, тераностикада қолдануға арналған ядролық медицина әдістері, радиойодтерапия және халықаралық тәжірибе талқылануда.

Тераностика – терапевтік агент саналатын препараттарды жасау арқылы терапевтік және диагностикалық мәселелерді кешенді шешетін ядролық медицина саласы және ерте диагностика құралы. Ол «терапия» және «диагностика» сөздерінің бірігуінен пайда болған жаңа бағыт.

 денсаулық
Фото: ҚР Президентінің Іс Басқармасы

 

«Бұл Қазақстандағы жаңа бағыттардың бірі, расында да оған мемлекет қолдау көрсетіп, дамытуы керек. Ол үшін Ядролық медицина орталығында диагностикалық орталықтардың болуы жеткіліксіз, терапевтік корпустарды да құру қажет. Олар радиациялық қауіпсіздік нормалары бойынша құрылады және сұйық радиоактивті қалдықтар болғандықтан, палаталар жоғары деңгейде қорғалады. Әзірге мұндай жалғыз орталық Семей қаласында орналасқан. Онда 15 төсек-орынға терапевтік корпус ашылған. Биыл Астанада ашылатын жаңа онкологиялық орталықта тағы қосымша 8 төсек болады. Бірақ Қазақстанда изотоптармен терапия жасау үшін 100-ден астам төсек-орын қорына қажеттілік бар», - дейді ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасындағы Ядролық медцина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова тілшілерге берген сұхбатында.

Ядролық медицина орталығы – Қазақстанда 6 радиофармацевтикалық препарат өндіретін жалғыз орталық. Біздің міндетіміз – оны циклотрондық жолмен 9-ға жеткізу.

«Ядролық медицинаның басты проблемасы – оның түбегейлі жаңа сала болуында. Жоғары білікті кадрларды дамыту мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Әсіресе ядролық медицинаны дамыту еліміздегі жаңа нысандарды құруға және пайдалануға беруге тікелей байланысты. Елде мұндай орталықтар көп болуы керек. Барлық елдерде осы бағыттың өзектілігі артып келеді. Қалқанша безінің қатерлі ісігі, тиреотоксикоз, сүйек метастаздары Қазақстанда ядролық медицина жолымен емделмейді. Сол себепті науқастар шетелге, атап айтқанда Ресейге кетуге мәжбүр. Оған қоса, ерлер денсаулығы да елімізде толық қамтылмаған», - деп атап өтті орталық басшысы.

Ядролық медицина, сәулелік диагностика дәрігерлері, онкологтар, кардиологтар, урологтар, радиохимиктер, аналитик-химиктер, физиктер бас қосты. Оларға ТМД ядролық медицинасының жетекші мамандары шеберлік сағатын өткізеді.

ҚР Президентінің Іс Басқармасы
Фото: ҚР Президентінің Іс Басқармасы

 

«Қазір бүкіл әлемде тераностика кең танылып келеді, оның ішінде Ресейде, Өзбекстанда, Қазақстанда да қызығушылық зор. Бұл жаңа нәрсе емес, терапия мен диагностиканың жаңа конструкциясы. Мұнда мамандардың бірлесіп жұмыс істеуі арқылы өнімділік бірнеше есе артады. Яғни, тераностика – шығармашылық пен пікірлес адамдардың бірігу өнері деп атар едім. Біз не емдеп жатқанымызды көреміз және көрген ақауларды емдейміз», - деді ресейлік онколог-дәрігер Павел Румянцев.

Ресейлік сарапшы Қазақстандағы диагностикалық орталықтардың жақсы базасы қалыптасқанын айтты және жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін радиофармацевтикалық препараттар санын кемінде 15-ке дейін арттыруға кеңес берді.

«Яғни, радиофармпрепараттар санының артуы аурулардың көбірек түрін анықтауға мүмкіндік береді. Онкологиялық қана емес, кардиологиялық, қабыну, аутоиммунды аурулар, эндокринологиялық ауруларда адам денесіне ота жасамай-ақ, сцинтиграфиясын қарауға болады. Біз бұрын компьютерлік томография, ультрадыбыстық әдістер арқылы анатомияны қарастыратынбыз. Ал енді оған қосымша ауруды жасуша деңгейінде көретін мүмкіндік туды. Бұл «молекулярлық визуализация» деп аталады. Яғни биология, метаболизм, ауруды жеке қарастыру тұрғысынан бірнеше есе көп ақпарат аламыз. Бұл ақпаратты дұрыс пайымдап, дұрыс талдау керек. Тек білім, тек қызығушылық, тек шығармашылық бірлестік әлемге нақты серпіліс береді», - дейді П. Румянцев.

Соңғы жаңалықтар