Australian Open: Елена Рыбакина екінші жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына өтті.

Елена Рыбакина
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 77-ракеткасы, франциялық Варвара Грачевамен бетпе-бет келді.

Осыған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, екеуінде де Рыбакина жеңген еді.

Бұл жолы матч Рыбакина үшін қиын басталды. Бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте Грачева брейк жасап кетті – 3:1. Е.Рыбакина қатарынан төрт гейм алып, 5:3 есебімен алға шыққанымен, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Дегенмен тағы бір брейкпен тәмамдады - 7:5.

Екінші сетте есеп 2:1 болғанда, қазақстандық теннисші брейк жасады. Содан кейін кездесуді брейкпен түйіндеді – 6:2.

Бір сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 5 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Грачева 3 эйс, 2 брейкпен (7 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Қазақстандық теннисші ойыннан соң берген сұхбатында матчтың оңайға түспегенін, қарсыласының жақсы өнер көрсеткенін атап өтті.

Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 54-ракеткасы, чехиялық, 18 жастағы Тереза Валентовамен таласады. Ол отандасы, рейтингіде 132-орындағы Линда Фрухвиртованы қапы қалдырды – 7:5, 2:6, 6:3.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Александр Бубликтің үшінші айналымға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Михаил Кукушкин Португалиядағы жарыстың ширек финалына жолдама алды.

Аустралия чемпионатында Анна Данилина жеңісті жолды жалғастырды.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар