Australian Open: Путинцева тартысты кездесуде қарсыласына есе жіберді
Дүниежүзілік рейтингте 49-сатыда тұрған швейцариялық теннисші ойынды қарқынды бастап, бірінші партияда 4:2 есебімен алға шықты.
Бұдан кейін үш геймді қатарынан алған Ю.Путинцева есепті 5:4-ке жеткізді. Алайда сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдала алмады. Қарсыласына қарағанда, қателікке көбірек бой алдырған қазақстандық спортшы ақыры 5:7 есебімен жеңілуге мәжбүр болды.
Есесіне екінші партияда қос брейк жасап, өз геймдерін құр жібермеген Ю.Путинцева 4:0 есебімен алға кетті. Әйтсе де Б.Бенчич те қарымта қайырып, таразы басын теңестірді - 4:4. Бұдан кейін тағы бір брейк жасаған Юлия партияны жеңіспен аяқтады - 6:4.
Үшінші, шешуші сетті қазақстандық теннисші брейкпен бастағанымен, сол қарқынын жалғастыра алмады. Б.Бенчич 6:2 есебімен басымдығын көрсетті. Матчтың тартысты өткені сондай, үш сағатқа жуық уақытқа созылды. Теннисшілер кездесу барысында әлсін-әлсін көңіл-күй ауанына да беріліп отырды.
Б.Бенчич үшінші айналымда әлемнің 6-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен шеберлік байқасады. Осылайша Аустралия ашық чемпионатында жекелей сында Қазақстаннан ешкім қалған жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Аустралия чемпионатын жеңіспен бастағанын, ал З.Дияс пен М.Кукушкиннің алғашқы айналымнан аса алмағанын жазған болатынбыз. Бүгін Михаил Кукушкин америкалық Брэдли Кланмен бірге жұптық сында да оңтүстікафрикалық Равен Класен мен аустралиялық Майкл Винустан жеңіліс тауып, жарыс жолынан шығып қалды.