Australian Open: Заңғар Нұрланұлы алғашқы матчында жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатын сәтті бастады.
Жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингіде 12-орында тұрған Заңғар мұнда 8-ракетка болып тіркелген.
Қазақстандық теннисші сонымен қатар ATP рейтингісінде 1 782-орында келеді. Ол бастапқы кездесуін жасөспірімдер рейтингісінде 42-сатыдағы таиландтық Кунанан Пантараторнмен өткізді.
Заңғар қарсыласын айқын басымдылықпен ұтып, 1/16 финалға жолдама алды.
Жасөспірімдер арасында Аустралия чемпионатында Қазақстаннан сондай-ақ Даниэль Тазабеков пен Дамир Жалғасбай бақ сынайды.
Д.Тазабеков бүгін швейцариялық Флинн Томаспен ойнайды. Д.Жалғасбай ертең Польша өкілі Александр Блашпен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Александр Бубликтің тарихи нәтижеге қол жеткізгенін жазған едік.