Аutism Talks: Астанада ерекше балалардың ата-аналары бас қосады

АСТАНА. KAZINFORM — Аутизмді «данагөйлікпен» байланыстыру — шындыққа сай келмейтін, артық романтизация. Мамандар бұл көзқарас қоғамда қате түсінік қалыптастыратынын айтты.

аутизм
Фото: «Асыл Мирас» Аутизм орталығы

— Нейроәртүрлілік — менталды тұрғыда адамдардың әртүрлілігі. Қоғамға бейімделуі десек болады. Ал аутизмі бар адамдардың әлеуметтенуі, бейімделуі қиын. Қоғам осыны қабылдауы қажет. «Аутизмге шалдыққан балалар ғалым болады»  деп жиі айтады. Дертті бұлай романтизацияламау керек, — деді әлеуметтік және инклюзивті бағдарламалар жетекшісі Самал Әлбілбекова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.

Мамандардың айтуынша, аутизм белгілерін ерте кезеңде байқау және дер кезінде әрекет ету  маңызды.

Аutism Talks: Астанада ерекше балалардың ата-аналары бас қосады
Видеодан алынған скрин

— Дертке шалдыққан балалар көбіне көзге тіке қарамайды, шақырғанда келмейді, гиперактивті болады. Өз бетінше ойнай береді. Қиындық басталған тұстан бастап ата-аналар мән беруі керек. Елімізде психологиялық-педагогикалық медициналық кеңес жұмыс істейді. Республика бойынша 10 мекеме бар. Онда психолог, невропатолог, дефектолог, сурдопедагогтар бар. Осы мамандар диагнозды ерте анықтауға көмектеседі, — деді дефектолог, сурдопедагог Роза Үрстембаева.

Сарапшылар қазіргі таңда аутизмді зерттеу мен диагностикалау бағыттары қарқынды дамып келе жатқанын айтады. Мінез-құлықты түзету терапиясы, сенсорлық интеграция әдістері қолданылып, кешенді қолдау қалыптасып келеді. Сонымен қатар елімізде ата-аналарға бағыт-бағдар беретін түрлі бастамалар да жүзеге асырылуда.

Аutism Talks: Астанада ерекше балалардың ата-аналары бас қосады
Видеодан алынған скрин

— Autism Talks шарасында ата-аналар тәжірибесімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салады. Ең бастысы, психологиялық қолдаудың маңызы айтылады. 4 жылда басқосуға 1500 ата-ана келіп, ой бөліскен, тәжірибелі арнайы мамандар да қатысқан. Нәтиже бар. 4 сәуір күні кезекті шара тағы өтеді, — деді Самал Әлбілбекова.

Айта кетейік, Астанада аутизммен ауыратын 2000-дай бала бар.

Соңғы жаңалықтар