Ауыл әкімінің көмегімен трассада үш елдің азаматтары құтқарылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде Әлімбет ауылының әкімі жолда қалған жолаушыларды құтқару үшін төтенше жағдайлар қызметінен көмек сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл әкімінің көмегімен трассада үш елдің азаматтары құтқарылды

16 қаңтар күні сағат 20:37-де Қарғалы ауданының өрт сөндіру бекетіне Әлімбет ауылынан хабар түскен. Ауыл әкімі ауа райына байланысты Ақтөбе – Орск автожолы жабылғанын, жолда көліктер қалып қойғанын айтқан.

«Көліктер қар құрсауында қалған. Оқиға орнына 2 техника мен құтқарушылар жіберілді. Ақтөбе-Орск тасжолында Өзбекстанның 46 азаматы бар жолаушылар автобусы және Ресей мен Қазақстанның 5 көлігі тоқтап қалған. Оларда 9 адам болған. Ауылдық округ әкімі жолды тазалау және тұрып қалған автокөлік жолаушыларын Әлімбет орта мектебі мен дәмханаға орналастыру туралы шешім қабылдады. Жолаушылар жылыту пунктінде тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз етілді», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
Айта кетейік, бүгін трассалар ашылып, жолаушылар өз бағыттары бойынша жолдарын жалғастырды.