Ауылда қызметкеріне үй салып берген жұмыс берушінің 50% шығыны субсидияланады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауылдық елді мекенде өз жұмыскерлері үшін тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі белгіленеді. Бұл туралы «2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасында» жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Ауылда еңбек ететін адамдарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында ауылдық елді мекенде өз жұмыскерлері үшін тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі белгіленеді. Субсидиялар салынған тұрғын үйді пайдалануға беру туралы растайтын құжаттар болған кезде бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес, республикалық немесе жергілікті бюджеттердің қаражатынан бөлінеді. Мемлекет ауылдық жерлерде өз жұмыскерлері үшін тұрғын үй салуға жұмыс берушілердің шығындарының 50%-на дейін өтейтін болады», - делінген тұжырымдамада.

Талап бойынша субсидияланған үйлер 5 жылға еңбек шарты жасалған қызметкерге беріледі. Ал, бұл мерзім аяқталғаннан кейін тұрғын үй субсидия сомасын есепке алмай, жұмыскердің меншігіне беріледі.

Қоса кетсек, 2029 жылға дейін 50 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталады.

Сонымен бірге, қазақстандықтар зейнетақы қорындағы 2,7 трлн теңгеден астам жинағын баспана сатып алуға, ипотеканы жабуға пайдаланған.

Тұжырымдаманы ашық талқылау 15 наурызға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар