Ауылдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге баса назар аударылады - Павлодар облысы

Қала маңындағы Павлодарское ауылының әкімі Ирина Фогель өзінің алдын ала есебінде әлеуметтік мәселелерді шешуге баса назар аударған. Мұнда алты мыңнан астам халық тұрады. Соңғы жылдары округте барлық әлеуметтік нысандар қалпына келтірілген: балабақша, мектеп, дәрігерлік емхана, екі кітапхана жұмыс жасайды, «Нұртас» жасөспірімдер клубы ашылды.
Өткен жылы ауылда пошта бөлімшесінің жаңа ғимараты салынды және «Қазақтелеком» АҚ-ның антенна-мачта құрылғысы орнатылды, бұл ауылды түгел телефондандыруға мүмкіндік берді. Елді мекенде 21 сауда нүктесі және екі жеке дәріхана жұмыс істейді. Негізгі кәсіпорындар - «Жөндеу зауыты» және «Вельбот» ЖШС, «Рубиком» фирмасының мал шаруашылығы кешені және екі наубайхана.
Әкімдік жолды күтіп ұстау мен жөндеуге, көшелерді жарықтандыруға қамқорлық жасауда, бұл жұмыстар биыл да жалғастырылмақ. Ауыл әкімі су құбырын тартуды одан әрі созып, мәдениет үйін күрделі жөндеуді, жаңа емхана мен тағы екі балабақша салуды жоспарлап отыр.