Автобус өрті: Ақтөбеліктер өзбек азаматтарының рухына құран бағыштады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Қалыбай ауылының кәсіпкері Нұрабек Саимов бүгін қаза болған өзбек азаматтарының рухына Құран бағыштады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Автобус өрті: Ақтөбеліктер өзбек азаматтарының рухына құран бағыштады

Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Қалыбай ауылы маңында Өзбекстан азаматтары мінген автобус жанып кетіп, 52 адам қаза тапқан болатын. Қазіргі кезде үш жүргізуші қамауға алынып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Самара-Шымкент тасжолындағы қайғылы оқиғадан соң тағы бірнеше автобус жолда тоқтап қалды. Осы кезде қазақстандықтар қаза болған адамдардың рухына Құран бағыштау қажет екенін айтты. Ал бүгін Ырғыз ауданының кәсіпкері Нұрабек Саймов қой сойып, ас берді.

«Бүгін өзбек бауырларымыздың қаза болғанына 40 күн болды. Жол бойындағы оқиғаға байланысты құран бағыштап, мал союды жөн санадық. Бұл дастарханға жолаушылар шақырылды»,- деді ауыл кәсіпкері. 

Мал шаруашылығын дамытып отырған Нұрабек Саймов қайырымдылық шараларына жиі қатысады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетуге дайын тұратын кәсіпкер бұл жолы да аудан әкімі Мәди Елеусізовтың ұсынысын қолдаған.

«Әкем малды ауылда болған соң онымен байланыс орнату қиын. Таяуда қалаға келіп, аудан әкімі ұсыныс берген соң мал сойып, дастарқан жаюды өз міндетіне алғанын жеткізді. Өзбекстан азаматтарына құран бағыштап, жолаушыларды да шақырды. Бұл ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Жолда мұндай қайғылы жағдай қайталанбасын деген тілекпен ауылдың бәрі игі іске жұмылды»,- деді Нұрабек Саймовтың қызы Айман Жанғасова.