Автобус өрті: Сот отырысында куәгерлердің тергеу кезіндегі жауаптары оқылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе автобус өртіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін куәгерлердің жауабы оқылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Самара-Шымкент тасжолында өртеніп кеткен автобусқа қатысты сот отырысы өтті. Оқиға болған күні өртенген автобус жанына тоқтаған өзге автобустың жүргізушілері сот отырысына қатыспай, олардың тергеу кезінде айтқан жауаптары оқылды. Жауап алу кезінде Нұрбақыт Шаймерденов автобус өртенген кезде ішіндегі адамдар айқайлағанын, олардың жанталасып жатқанын естігенімен, ешкім терезе арқылы секірмегенін айтып берген.
«Ресейдің Краснодар қаласынан ОҚО, Сарыағаш ауданың Жібек жолы кеден бекеніне қарай жолға шықтым. Автобуста 32 жолаушы болды. 18 қаңтар күні сағат 10:00 шамасында Ырғыз маңында автобустың тоқтап тұрғанын көрдік. Көлікті жүргізіп келе жатқан Бақберген Әбілов 15-20 метр жерге тоқтады. Автобустан бір жігіт шықты. Оның артынан екі адам түсті. Біреуі автобусқа кіріп, түнде жанар-жағармайдың қатып қалғанын айтып берді. Дәл сол уақытта автобустан шалбары өртенген жігіт секірді. Кейін басы жанған бір адам түсті. Біз өрт сөндіру құралын алғанымызбен іске қосылмады. Адамдар айқайлап жатқан соң терезеге лақтырдым. Қара түтін шықты, дауыстар естілді, іштегі адамдар дүрлігіп жатты. Бәрі қолына іліккен затты алып, терезелерді сындырды. Арада 15 минут өткенде автобус ішіндегі дыбыс сап тыйылды. Жанып кеткен кезде жүк көліктері тоқтады. Арада 40 минут өткенде төтенше жағдай қызметі келді»,- деп жауап берген куәгер Нұрбақыт Шаймерденов.
Сот отырысы кезінде дәл осы әдіспен куәгер Бақберген Әбіловтың жауабы оқылды.
«Автобустың ішінде отырған жолаушылар шығып, өртеніп жатқан адамдарды құтқармаққа жүгірді. Жанып түскен екі адамға жақындаған кезде алдыңғы есіктен өрт шықты. Жолаушылар айқайлап жатты. Кіріп көмек көрсету мүмкін болмады. Іші қара түтінге толып, адамдар жанып жатты. Кейін 10-15 минут көмектесуге күш салып, адамдардың дауысы шықпай қалған соң жанар-жағармай багі атылып кетер деген қауіппен кейін шегінуге тура келді»,- деп жауап берді куәгер Бақберген Әбілов. Куәгер өз телефонымен полицияға хабар беріп, арада 40 минут өткенде төтенше жағдайлар қызметі келгенін өз жауабында айтып берген.
Айта кетейік, сот отырысына тірі қалған екі өзбек азаматы келмеді. Олардың жауабы дәл осы тәсілмен сот отырысы кезінде оқылды. Бүгін қаза тапқан өзбек азаматтарының туыстары да сотқа қатыспады. Олар өз талап арыздарын жазып, қорғаушыларына қалдырып кеткен. Қазір өзбек тілінде жазылған талап арыз аударылып жатыр. Алдағы сот отырысында жәбірленушілердің айыпталушыларға қояр талабы анықталады.
Еске салсақ, автобус өртіне қатысты «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу», «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу», «Міндеттерін адал атқармау», «Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару» баптарымен үш жүргізуші және механик, құрылтайшы айыпталып жатыр. Олар - Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатов, Нұрлыбек Тілепбаев, Бахадүр Пердебаевтар.