Автобус жолақысы 500 теңгеге жетуі мүмкін бе – Үкімет жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин қандай жағдайда қоғамдық көліктегі тарифтің 500 теңгеге дейін өсуі мүмкін екенін айтты.

автобус, онай, Караганда
Фото: Қарағанды әкімдігі

Үкімет үйінде өткен брифингте журналистер әлеуметтік желіде тараған автобус жолақысы 500 теңгеге дейін өсуі мүмкін деген болжамға қатысты сұрақ қойды.

Ұлттық экономика вице-министрі тарифтің өсуіне ықпал ететін жалғыз экономикалық алғышарт – тасымалдау құнының артуы болуы мүмкін екенін түсіндірді.

– Мысалы, бензин бағасының өсуі. Бірақ тарифті көтеру туралы шешімді әрбір компания дербес қабылдайды. Бұл таза коммерциялық мәселе: сұраныс пен ұсынысқа байланысты, – деді ол.

Өз кезегінде Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жолақының 500 теңгеге дейін көтерілуі туралы мәлімдеме – жекелеген сарапшының пікірі ғана екенін атап өтті.

– Әрине, қоғамдық көлік халыққа бағытталған, сондықтан жолақының күрт өсуіне жол берілмейді. Егер жолақы бағасы өссе, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі, – деп толықтырды Е.Біржанов.

Бұған дейін Е.Біржанов Қазақстанда 45 мың азаматтың 180 млрд теңге қарызы кешіріліп, банкроттық жарияланғанын айтқан еді.

Сондай-ақ, жаңа Салық кодексі тұрғын үй бағасына әсер етпейді.

Соңғы жаңалықтар