Автонарықтағы ахуал: көлік таңдау бойынша сарапшы кеңестері

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы кездері қала көшелерінен жаңа көліктерді жиі көру қалыпты жағдайға айналды. Қазір жаңа темір тұлпарға қол жеткізу бұрынғыдай қиын емес. Алайда ел тұрғындары негізінен қандай көлікке басымдық береді? Жаңа көлікті ала ма, әлде жүрілген, қолданылған көлікке басымдық бере ме — бұл сұрақтарға автосарапшы Санат Нұрбай Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында сұхбат берді.

Автонарықтағы ахуал: Көлік таңдау бойынша сарапшы кеңестері
Фото: Видеодан алынған скрин

Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда 104,9 мың жаңа автокөлік пен коммерциялық техника сатылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға көп. Ең қызығы, осы көліктердің жартысынан астамы, нақтырақ айтсақ 59 пайызы несиеге рәсімделген. Алты айда банктер автонесиелеуге 1,2 триллион теңге қаржы жұмсаған. Бұл елімізде автонарықтың қарқынды дамып жатқанын көрсетеді.

Автосарапшының айтуынша, соңғы жылдары жаңа көлікке қызығушылық айтарлықтай артқан. Әсіресе Қытай автокөліктері нарыққа дендеп еніп, сұранысқа ие бола бастады. Бұрын автосалондарда көлік таңдау мүмкіндігі шектеулі болатын. Мысалы, белгілі бір марканың қара түсіне тапсырыс беріп, кемінде жарты жыл күтуге тура келетін.

Қытай автокомпаниялары осы мәселені шешіп, автосалондарды көлікпен толық қамтып, ұсынысты арттырды. Бір ғана жеке куәлікпен бастапқы жарнасыз, 4 пайыздық жеңілдікпен немесе бөліп төлеу арқылы қалаған көлікті рәсімдеуге болады.

— Бұрын автосалонда жаңа көлік табу қиынның қиыны еді. Жаңа көлікті қолы жеткендер ғана алатын. Көпшілігі жарнама сайтына кіріп, жүрілген көлікті алатын және 1-2 жылдан кейін өз бағасынан қымбатқа сатып, пайда көретін. Соғып алған жағдайда да кемінде өз бағасына сататын және еш ұтылмайтын. Қазір сол психология қалып қойған. Өзім екі жыл бұрын 15,5 миллионға жаңа көлік алдым. Ал қазір көлігімді сатайын десем, оның бағасы 11 миллионға түсіп кеткен. Қазір ғаламтордағы жүрілген көлік иелері бағасын түсірмей отыр, ал клиенттер осы ақшаға жаңа көлік алайын деп, қытайлық автомобильдерді таңдайды, — дейді Санат Нұрбай.

Дегенмен, автосарапшы көлік несиесіне қатысты да түйткілді мәселе көп екенін жасырмады және автокредитке асықпауға кеңес береді.

— Қазір көлікті 4 пайыздық жеңілдікпен алып, айына 250 мың теңге несие төлеп отырғандар бар. Бір танысым жолаушы тасып, күніне 25–30 мың теңге табыс табамын, 10 күнде несиені жауып, қалған 20 күнде 600 мың пайда табамын деп жоспарлаған. Бірақ шынайы өмірде бұл оңай емес. Жанармай, айыппұл, салық, сақтандыру, жөндеу, ауырып қалу сияқты күтпеген шығын болуы мүмкін. Егер көлік Яндекс, Индрайвер секілді таксопаркке тіркелсе, апат жағдайында ешқандай сақтандыру өтемақысы төленбейді. Ақыр соңында көлік табыс емес, шығын көзіне айналады. Егер халық шыдап, жаппай несие рәсімдеуді тоқтатса, сұраныс азайып, баға да түседі. Сонда ғана екінші нарықтағы жүрілген көліктердің де бағасы төмендейді, — дейді Санат Нұрбай.

Шетелден көлік әкелу мәселесі де біраз жылдан бері қызу талқыланып келеді. Утильалым мен бастапқы тіркеудің қымбаттауы — көп дау тудырған мәселелердің бірі. Сарапшының пікірінше, дәл қазір утильалым бағасын төмендетсек немесе мүлде алып тастасақ, ішкі нарықта көлік өтпей қалады. Ал шетелден ағылып келетін көліктерге күмән көп.

— Ең алдымен утильалым мен бастапқы тіркеудің қымбаттауынан елдегі автокөліктер жаңара түсті. Екіншіден, шетелден келетін күмәнді көліктер азайды. Кей көліктердің техникалық паспортындағы нөмір мен шанақ нөмірі сәйкес келмейді. Демек ұрланған немесе заңсыз рәсімделген және ондай көліктерді қайта сату қиынға түседі, тіпті заңды иесі табылуы да мүмкін. Әсіресе Кореядан әкелінген көліктер арасында «көшірмелер» көп, құжат бойынша түпнұсқа көлік Кореяда болуы мүмкін. Сосын Кореяда 2017 жылы шықса, оны Қазақстанға әкеліп, 2020 жыл деп тіркеуі мүмкін. Утильалымды азырақ төлеу үшін жылын 2-3 жылға жаңартып жібереді. Сондықтан автосалоннан тарихы таза көлік алыңыз, — дейді Санат Нұрбай.

Егемендік кезеңінде еліміздің автопаркі 2 миллионнан 5,5 миллионға дейін, яғни 2,5 есеге өскен, ал халық саны 3,5 млн адамға көбейген. Одан бөлек, ел аумағы арқылы 3 млн шетелдік автокөлік өтеді.

 

Соңғы жаңалықтар