Авторлық құқық мәселесіне мемлекеттік монополия енгізу ұсынысы неге қабылданбады

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова авторлық қоғам өкілдерімен кездесіп, осы саладағы мәселелерді талқылады. 

Авторлық құқық мәселесіне мемлекеттік монополия енгізу ұсынысы неге қабылданбады
Фото: pexels.com

Бұған дейін Үкімет авторлық құқық мәселесіне мемлекеттік монополия енгізу ұсынысын қолдамағанын жазғанбыз.

Алматыдағы кездесуден кейін вице-министр Ботагөз Жақселекова Kazinform тілшісіне бастапқы ұсыныс неліктен қабылданбағанын түсіндірді.

- Ең басында бұл Мәдениет және ақпарат министрлігінің заң жобасы болды. Ол бойынша мемлекеттік монополия енгізілуі қажет еді. Яғни, ел бойынша барлық автордың құқықтарын ұжымдық басқару ұйымдары бір сәтте жабылып, олардың міндетін республикалық мемлекеттік кәсіпорын атқаруы керек болды. Бірақ бұл технологиясы, іске асыру тәсілдері қарастырылмаған шикі ұсыныс болды. Сондықтан Үкімет ұсынысты қолдамады, - деді ол.

Ботагөз Жақселекова Алматыда өткен жиында Парламент депутаттарының екінші ұсынысы талқыланғанын атап өтті. Ол бойынша авторларға арналған бірыңғай платформа әзірленеді.

- Енді Парламент зияткерлік меншік туралы екінші заң жобасымен келіп отыр. Депутаттар мемлекеттік монополия жайлы ұсыныста қадамдар толық ойластырылмағанына келісіп, енді мәселеге кешенді түрде келуді ұсынып отыр. Ол бойынша мемлекет технологиялық жағын алады. Авторларға арналған бірыңғай платформа әзірлейді, бірақ ешкімді шектемейді. Бұл бәріне ортақ болатын шешім. Ол кезде авторлық құқық жөнінде қанша ұйым болғаны маңызды емес. Өйткені барлық автор бір реестрде болады, онда әндері тіркеледі және ақшасы түсіп отырады. Бұл негізгі өзгеріс, бірақ заң жобасы енді ғана талқыланып жатыр. Оған әлі Үкімет қорытындысы болады, - деп атап өтті вице-министр.

Еске салайық, былтыр соттарға авторлық құқық бойынша 300-ге жуық шағым түскен.

Соңғы жаңалықтар