Axios: Израиль АҚШ-ты Иранмен соғысуға шақырады

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль кейінгі 48 сағат бойы АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігін Иранға қарсы әскери қимылдарға қосылуға шақырды, деп хабарлайды Kazinform Axios басылымына сілтеме жасап.

Axios: Израиль АҚШ-ты Иранмен соғысуға шақырады
Фото: x.com/idfrussian

Аталған ақпарат көзінің хабарлауынша, «Иранның ядролық бағдарламасын жою үшін» қажет. 

Басылым екі жоғары лауазымды израильдік дереккөзге сілтеме жасай отырып, Израильде Иранның Фордоудағы жерасты уран байыту зауытын жоюға қажетті бункерлер мен ірі бомбалаушы ұшақтар жоқ, ал АҚШ-та бар деп хабарлайды. 

Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израиль Иран аумағына жаппай соққы жасаған. Оған жауап ретінде Тегеран жүзден астам дронды Израиль бағытына ұшырған. Иран Натанздағы ядролық нысанның зақымданғанын растады, алайда радиацияның таралуын жоққа шығарды.

БҰҰ-дағы Иран өкілі Израильдің әуе соққылары салдарынан 78 адамның қаза тапқанын, тағы 320-дан астам адамның жарақат алғанын мәлімдеді. Қаза болғандар қатарында Иранның жоғары әскери басшылығы мен жетекші ғалымдар бар.

Сондай-ақ Израильдің шабуылдарынан кейін Иран Ормуз бұғазын жабу мүмкіндігін қарастырып жатқанын Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комитет мүшесі Эсмаил Косари хабарлады.

Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздерге арағайындық жасап жүрген Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди Маскатта жексенбі күні өтуі тиіс кездесудің енді өтпейтінін растады.

Иран Президенті Эммануэль Макронмен сөйлесу кезінде Израиль шабуылдарын тоқтатпайынша АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізілмейтінін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар