Аянат Жұмағали ауыр атлетикадан әлем чемпионатында өнерін аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Нинбода (Қытай) ауыр атлетикадан әлем чемпионаты жалғасып жатыр.

Аянат Жұмағали ауыр атлетикадан әлем чемпионатында өнерін аяқтады
Фото: ҚР ҰОК

Жарыстың кезекті күнінде Қазақстан құрамасының өкілі Аянат Жұмағали 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті.

Отандасымыз қос жаттығудың қорытындысы бойынша 19-орынға тұрақтады.

Аянат Жұмағали жұлқа көтеруде 101 келіні бағындырса, серпе көтеруде 126 келіні еңсерді. Осылайша, қоссайыс қорытындысында 227 келіні көтерді.

Қытайлық Ян Цюся 265 (120+145) келіні көтеріп, әлем чемпионы атанды. Күміс жүлдені оның отандасы Пэн Цуйтин (262 келі) иеленсе, үздік үштікті мысырлық Сара Ахмед (258 келі) түйіндеді.

Айта кетейік, бұған дейін Аянат Жұмағали 2026 жылы Жапонияда өткен жазғы Азия ойындарында күміс жүлдеге ие болған еді. Сол жарыста қазақстандық ауыр атлет қоссайыс қорытындысы бойынша 246 (109+137) келі көтерген болатын.

Еске салайық, Нинбода өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының еншісінде әзірге бір медаль бар. Нұрғиса Әділетұлы 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 399 (182+217) келі нәтижесімен күміс жүлдегер атанған еді.