Айбек Смадияров Қытаймен арадағы визасыз режимге қатысты түсінік берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қытаймен арадағы визасыз режимге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейінгі кездері қоғамда Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режимге қарсы пікірлер айтылып жатыр. Бұл келісімге қол қойылмады. Оған қол қойылса ғана күшіне енеді. Екіншіден, былтыр жаздан бері Қытай азаматтары Қазақстанға 14 күнге визасыз келе алады. Қазақстан көшелерінде қытайлар көп жүрген жоқ. Енді 14 күнге келетін азаматтар 30 күнге келе алады. Келісім Қазақстанға да тиімді болмақ. Егер келісімге қол қойылса, Қазақстан азаматы Қытайға 30 күнге визасыз бара алады», - деді А. Смадияров елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, егер адам 30 күннен аса елде болса, ол міндетті түрде жазаланады. Визасыз режим туристік әрі іскерлік сапарларға арналып отыр. Осы орайда келісімшарттарды бекіту, консультация жүргізу, сондай-ақ басқа да іскерлік қатынастарға бағытталған. Бұл тұрғыда жұмысқа орналасуға рұқсат етілмейді.

«Сондай-ақ, жүк көлігін жүргізушілер де визасыз кіре алады. Бұл біраз мәселені шешеді. Қос ел арасындағы сауда-саттық өсіп, өңіраралық ынтымақтастық нығаяды, экономикамызға әсер етеді. Қытай – алпауыт экономикасы бар мемлекет. Қазақстан – Орталық Азияда Қытаймен визасыз режим орнатқан жалғыз мемлекет. Мұны біз дипломатиялық жеңіс деп есептейміз», - деді ресми өкіл.

Айбек Смадияров мамырда аталған келісімге қол қойылуы мүмкін екенін айтты.

Бұған дейін хабарланғандай, биыл сәуір айында Сыртқы істер министрлігі еліміз бен Қытай арасында орнауы мүмкін визасыз режимге түсінік берді.

«Бұл келісім тек пысықталып жатыр. Біз оны қоғамдық талқыға шығардық. Бірақ кейбір БАҚ бұл келісімге ендігі қол қойылып қойғандай етіп жазды», - деді Айбек Смадияров.

«Ашық НҚА» порталында Қазақстан мен Қытай Халық Үкіметтерінің арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы қаулы жобасы жарияланды.


Соңғы жаңалықтар