Айдана Убайдуллақызы Futures Cup турнирінің чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM - Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан Futures Cup халықаралық турнирінде ел құрамасынан Айдана Убайдуллақызы (80 келі) чемпион атанды.

Айдана Убайдуллақызы Futures Cup турнирінің чемпионы атанды
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Отандасымыз финалда өзбекстандық Асалой Бахтиорованы мерзімінен бұрын жеңді. Қазақстандық боксшы қарсыласын екінші раундта екінші мәрте нокдаунға жіберді. Нәтижесінде төрешілер жекпе-жекті тоқтатуға шешім қабылдады.

Енді ел құрамасынан Камила Оспанова (70 келі), Досжан Жұмақан (60 келі), Бибарыс Әшірбай (70 келі), Жалғас Өтебеков (90 келі), Владислав Саможонов (90 келіден жоғары) финалда шаршы алаңға шығады.

Қазақстан құрамасы сапынан финалға сегіз спортшы шықты. Бұл жөнінен ұлттық құрама екінші орында тұр. Ел құрамасынан он спортшы жартылай финалда жекпе-жек өткізді. Олардың 8-і жеңіске жетсе, 3-еуі қарсыласына есе жіберді.

Ал көш басындағы Өзбекстан – 9, үшінші орындағы АҚШ – 5 боксшыға сенім білдірсе, одан кейін Үндістан – 4, Украина – 3, Франция, Жапония – 2, Англия, Италия, Қырғызстан, Грузия, Самоа, Тувалу, Таиланд 1 үздігіне үміт артады.

Сондай-ақ ел құрамасынан Ақнұр Тұрсынғали (57 келі) Зарина Толыбай (75 келі), Нұрсұлтан Қыстаубай (85 келі) қола жүлдегер атанды.

Финалдық жекпе-жектер 15 наурызға белгіленген.

Соңғы жаңалықтар