Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының ашылуы бизнесін кеңейтетіндерге тиімді - Ақтөбе

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының ашылуы бизнесін кеңейтетіндерге тиімді - Ақтөбе

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы бизнес басқаруға ниетті нәзік жанды ақтөбеліктерді оқытып, кейін ісін жүргізуге көмектеседі. Сондай-ақ бизнесті қолдау бағдарламалары шеңберінде жеңілдікпен кредит және гранттарға қол жеткізу жолын үйретеді. Әйелдерді жұмыспен қамту, олар өндірген тауарлар мен қызметтердің сұранысын арттыру жолында да көп іс атқармақ.

«Жеке кәсіпкерлік саласында әйелдер басқаратын компаниялар саны Ақтөбе облысында 52,7% құрайды. Олар еліміздің экономикасы мен кәсіпкерлігінің дамуына үлкен үлес қосып келеді. Жұмыс орындарын құрып, қайырымдылықпен де айналысып жүр. Ал бұл орталықтың ашылуы жеке кәсібін құрып, бизнесін кеңейткісі келетіндер үшін тиімді», - деді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова.

Орталық кәсіпкер әйелдерді қаржылай емес қолдау алаңына айналуға тиіс. Олар startup-тарды іске қосу, жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі кеңейту және дамыту үшін бірқатар қызмет ала алады.

«Жобаның басты мақсаты - әйелдер жүргізетін бизнеске талдау жүргізу және даму әлеуетін айқындау. Орталыққа келіп, өтініш білдіргендер кеңес алып, тренингтер мен шеберлік сабағына қатыса алады. Кооперация мен әлеуметтік кәсіпкерлік тетігін үйреніп, қаржыландыру жолын (краудфандинг, инвестициялар, гранттар, лизингтер) меңгереді. Сондай - ақ, халықаралық жобаларға қатысуға көмек көрсетіледі», - деді Ақтөбе облысы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Күлпаршын Айдарханова.