Әйелімен ұрсысып қалған ақтөбелік аялдаманы талқандады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Полиция әкімшілік хаттама толтырып, уақытша қамауға алды.

вандал
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбелік тұрғын Жалаңтөс батыр даңғылындағы аялдаманы аяғымен бір теуіп, сындырып жіберген. Бұл көліктің бейнетіркеу құрылғысына түсіп қалып, әлеуметтік желіге тарап кетті. 

Полиция қызметкерлері аялдаманы бүлдірген ақтөбелікті дереу анықтады. Ақтөбе қалалық полиция басқармасының бастығы Асет Қалиев онымен сөйлесіп, не үшін істегенін сұрады.

— Ол өзінің кінәсін мойындап, заңнамада қарастырылған жауапкершілікті қабылдауға дайын екенін білдірді. Қазіргі уақытта ақтөбелік полиция бөлімшесінде. Процессуалды шешім қабылданғанша отырады, — деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Видеодан аялдамада үш адамның тұрғанын көруге болады. Оның бірі әйел. Ақтөбелік дәл сол кезде әйелімен ұрсысып, ашуланған соң сындырғанын мойындады. 

Еске салсақ, Ақтөбе қаласында аялдама, жарықшамдар, балалардың ойын алаңдарындағы әткеншек, сырғанақ, орындықтар, автобус іші жиі бүлінеді. Психологтер бұл өмірге өкпесі бар адамдардың тірлігі екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар