«АЙС» Ақтөбені ағарғанмен жарылқайды

Сөйтіп, Мәртөк ауданының аумағынан жер алып, ферма ашты. «АЙС»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2010 жылы маусым айында индустрияландыру картасының аясында Германия мен Венгриядан 1100 сүтті голштин-фриз тұқымды сиыр әкеліп, тауарлы-сүт фермасын іске қосты. Оған 3,2 миллиард теңге инвестиция салынды. Оның 85 пайызы «Қазагроқаржы» АҚ-қа тиесілі де, қалған 15 пайызы кәсіпорынның өз қаржысы. Жобаны голландиялық «Van der Ploed International BV» компаниясы толығымен жүзеге асырды. Барлық қондырғылар Голландиядан әкелінді. «АЙС» компаниясының бірнеше қызметкері голландиялық фермаларда оқытылып, тәжірибеден өткен. Бұл ферма кәсіпорынды шикізатқа тәуелділіктен біршама құтқарды деуге болады.
Сүт зауыты 2010 жылға дейін сүт шикізатын шаруа қожалықтардан, жеке адамдардан алып келді. Жазда қиындық жоқ, бірақ қыста сүттің жоқтығынан қиналып қалушы еді. Қазір, шүкір, тау-
арлы-сүт фермасы күніне 30 тонна сүт беріп тұр. Ай сайын тағы бес тоннаны бұрынғыша шаруа қожалықтарынан алады.
Біз серіктестіктің тауарлы-сүт фермасында болғанымызда мұнда іскерлік пен ізденістің ізін аңғардық. Текшелей үйілген пішен, арнайы орындарға салынған пішендеме мен сүрлем шаруақорлықты аңғартады. Сиыр қоралары тап-таза, малдың жемшөбі алдында, суы өзі келіп тұр. Бұдан бес жыл бұрын шетелден әкелінген қашарлар қазір сүт бұлағын ағызған сауын сиырлары болған. Үш-төрт рет бұзаулаған сиырлардың өнімділігі де жоғары. Қазір фермадағы әр сиырдан орташа 29 литр сүт сауылады. Сиырлар күніне төрт рет сауылады. Тіпті, 60-70 литр сүт беретін чемпион сиырлар да бар болып шықты.
Қазір мұнда 800 сауын сиыры ұсталуда. Биылдың өзінде әр жүз сиырдан 87 бұзау алынған. Бұл өз сиыр табындарын толықтырумен қатар, тайыншаларын өзге шаруашылықтарға сатуға мүмкіндік беруде. Рас, тайыншалардың бағасы Еуропадан төмен емес. Оның да реті бар. Малды жер-су асып барып, алуға шығынданбайсың, іргеден қораңа кіргізе қоясың. Бұл малды жеткізу үшін серіктестіктің біраз шығындануына тура келгені де рас. Жылына 150-200 тайыншаны өткізіп, пайдасын көріп отырған серіктестік бұл шаруаны алдағы уақытта арттыра түспек. Сондықтан да әр бұзауды баладай мәпелеп бағып-күту қалыптасқан жайт. Сауын сиырлардың үлесі артқан сайын сатылатын тайыншалардың да көбейе түсетіні белгілі.
- «Сиырдың сүті тілінде» демей ме? Сол айтқандай, біздің жұмысымызда жемшөбін рационға сай беру бұлжымайтын қағида. Қазір 850 гектарға жүгері, жоңышқа, аралас мал азығын, беде өсіреміз. Жемдік астықты сатып аламыз. Мал азығын өңдейтін цех жұмыс істеп тұр. Қораларымыз сайлы. Малдәрігерлік-зоотехникалық талаптар қатаң сақталады. Әр сиырдың мемлекеттік тіркеу құжаты бар. Онда оның барлық деректері тіркелген. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында мал ауруы шығыны болған емес. Сүттің сынамасын күніне төрт рет аламыз. Себебі, біздің өніміміз таза және сапалы болуы керек, тұтынушылар зардап шекпеуі тиіс, - дейді тауарлы-сүт фермасының меңгерушісі Армен Хуршудян.
Тауарлы-сүт фермасы мал азығын молайту үшін күздік дақылдар егістігін кеңейтуді қолға алды. Сондай-ақ, суармалы алқапты пайдалануға берді. Бұл жыл бойы көк балауса жем-шөптің үзілмеуіне негіз қалайды.
Фермада бар болғаны 22 адам еңбек етеді. Оның алтауы - сауыншы. Оларға еңбек етуге жақсы жағдай жасалған, душ және шағын асхана жұмыс істейді. Еңбекақы жоғары, тұрақты беріліп тұрады. Сиырларды сауу автоматтандырылған. Қай сиыр қанша сүт бергенін компьютер өзі есептеп шығарып қояды. Сиырлар да дағдыланған сауын қондырғыларына өздері кіреді.
- Сиырларды төрт-бес бұзаулағаннан кейін қашарлармен алмастырамыз. Сиырлар шет елден әкелінген ұрықпен қолдан ұрықтандырылады. Кәрі сиырлар етке сойылады. Мемлекеттік қолдау да шаруаның жүруіне ықпал етуде. Сауылған бір литр сүтке 25 теңге субсидия беріледі. Мал азығына да субсидия қарастырылған. Осындай ынталандырудың нәтижесі жылжарымдық мал азығын дайындап алдық, - дейді ферма меңгерушісі.
Тауарлы-сүт фермасындағы малды өз төлі есебінен 1800-2000 ірі қараға дейін жеткізу үшін қосымша қора салу да ойластырылуда. 240 сиырға арналған қора 2017 жылы салынады деп күтілуде. Сөйтіп, ферманы кеңейте беруге бағыт ұсталуда.
- Бұл ферма - біздің еншілес кәсіпорынымыз. «АЙС» ЖШС сүт компаниясы 1999 жылдан бастап сүтті қайта өңдеумен айналысып келеді. Қазіргі таңда серіктестік базасында 40-тан астам сүт өндіруші шаруашылықты біріктірген сүт кластері ұйымдастырылған. Соның ішінде серіктестіктің тауарлы-сүт фермасы ең үлкені болып табылады. «АЙС» ЖШС «фермадан бастап дүкен сөрелеріне дейінгі» тұйықталған өндірістік желісі бар, сүтті өндіріп, өңдейтін өңірдегі жалғыз кәсіпорын. Компания 60-тан астам сүт өнімдерін шығарады. Компанияның сүт зауытын қайта жарақтандырдық, оған Германияның өндірістік қондырғысы қойылды. Күніне 50 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 35 тоннаға дейін өнім өндіріп келеміз. Сауын сиырлар санын көбейтудегі мақсат та сол зауыттың жобалық қуатына шығуға деген талпыныс, - дейді «АЙС»» сүт компаниясының директоры Қуаныш Ещанов.
Қазір жеке кәсіпкерлер де сүт өндіруге ықылас танытуда. Өңірде шаруашылық құрылымдарынан сүт дайындауды жолға қоюға бағыт ұсталуда. Дайындалатын сүт көбейсе, «АЙС» ЖШС-нің сүт зауытының да таяу уақытта жобалық қуатына шығарына сенім мол.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»