Әйтеке би ауданында әкелерге арналған саябақ салынды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысына қарасты Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылында Әкелер саябағы салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әйтеке би ауданында әкелерге арналған саябақ салынды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге тағзым» жобасы аясында кәсіпкер Қайрат Қойлыбаев өзі туып-өскен ауылға саябақ салды. Ауыл тұрғындарының демалысына арналған орын құрылысына 20 миллион теңге жұмсалған. Саябақта балалардың ойын алаңы, субұрқақ және «Қарабұтақтың атақты тұлғалары» атты стенд бар. Мұнда барлығы 600 көшет егіліп, құрылыс екі айда аяқталды. Саябақта мерекелік кештерді өткізуге арналған сахна да қарастырылған.

«Адамдарға, оның ішінде балаларға қуаныш сыйлау - біз үшін бақыт екен. Сыйымыз ауылдастарыма ұнады деп ойлаймын. Қазіргі кезде кәсіпкерлер туған жеріне көмектесіп, үлкен істерді тындырып жатыр. Елімізде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасы да қолдау тауып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі артты»,- дейді кәсіпкер Қайрат Қойлыбаев.

Әкелер саябағына ересектер ғана емес, балалар да барады. Ал мектеп оқушылары үшін футбол алаңы бар. Жасанды жабындысы бар футбол алаңы жарықтандырылып, сырты қоршалған. Мұнда қыста мұз айдынын салу жоспарда бар. Әрі теннис үстелі, волейбол алаңы жасақталды.

Айта кетейік, кәсіпкер ауыл балаларын биыл жазғы лагерьге, Астана қаласына жіберді.

null null null null