Айжан Есмағамбетова тасқыннан кейін өңірлердегі судың сапасына қатысты зерттеу нәтижесін жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова су тасқынынан кейін өңірлерде жасалған зерттеу нәтижесін жариялады.

санитар
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Бибігүл Жексенбай қазір су тасқыны салдарынан өңірлерде жұқпалы аурулардың таралуы қаупі бар екенін атап өтті. Бұл ретте, экологтар мен дәрігерлер тасқын судан сібір жарасы көмілген жерлердің ашылу қаупі туралы айтып жатыр. Кеміргіштер де түрлі аурулардың қоздырғыштары болатыны белгілі. Көрші Ресейдегі жағдай да осындай болып тұр.

Өз кезегінде Айжан Есмағамбетова қазір эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін айтты.

«Су тасқыны басталғаннан кейін Ресейдегі бас мемлекеттік санитариялық дәрігерімен байланыстамыз. Әрбір 2-3 күн сайын осы эпидемиологиялық жағдай туралы және суды зерттеу нәтижелері бойынша, сондай-ақ профилактикалық іс-шаралар туралы ақпарат алмасып отырмыз», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, су тасқыны басталғаннан кейін санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы күшейтілген режимде атқарылып жатыр.

«Сумен таралатын жұқпалы аурулардың алдын алу үшін сумен қамтамасыз ету жүйесін бақылау күшейтілді. Қазір суға қатысты 10 мыңнан астам зерттеу жасалды. Оның нәтижесінде сумен таралатын жұқпалы аурулардың қаупі өте төмен екені анықталды», - деді ол.

Айжан Есмағамбетова су басқан өңірлерде 6 мыңнан астам эпидемиологиялық маңызы бар нысан бар екенін атап өтті.

«Су басқан объектілерге күн сайын мониторинг жасалып жатыр. Енді су тартылған жерлердегі аталған нысандарда дезинфекциялау жұмыстары іске асырылып жатыр. Қазір 4 мыңнан астам объектіде дезинфекция жасалды. Бұл жұмыстарға бізге Қорғаныс министрлігінің мамандары көмектесіп жатыр», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, қауіпті арулары бар мал көмілген 12 нысанды су басқан және олар Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында. Суы кеткен жерлерде ветеринар мамандармен бірге тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

«Топырақтан сынамалар алынды. Зерттеу нәтижесінде потогенді микроағзалар анықталмады. Бірақ оған қарамастан сібір жарасы және басқа аурулары бар мал көмілген орындарға дезинфекция жасалды. Солтүстік Қазақстан облысында сібір жарасы және мал көмілген орындарды әлі де су басып тұр. Бұл жерлер зеттеліп, потогенді микроағзалар анықталмады. Су тартылғаннан кейін, тағы да осындай жұмыстар іске асырылады», - деді А. Есмағамбетова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бас сарапшысы Ерлан Тасболатов сібір жарасы көмінділерін зерттеу жұмысы туралы айтып берді.

 

Соңғы жаңалықтар