Азамат Дәулетбеков пен Асыл Айтақын Азия чемпионатындағы жүлдесі жөнінде ой бөлісті

БІШКЕК. KAZINFORM — Еркін күрестен Азия чемпионы атанған қазақстандық балуан Азамат Дәулетбеков пен күміс жүлдегер Асыл Айтақын алған жүлделері жайында ой-пікірін білдірді.

күрес
Фото: ҰОК

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен құрлықтық додада Азамат Дәулетбеков (86 келі) финалда өзбекстандық Жабраил Шапиевті 5:2 есебімен жеңді.

Осылайша ол өз салмағында үш дүркін Азия чемпионы атанды.

«Жеңіс тұғырынан көріну оңай болған жоқ. Десе де, сәттілік серік болды. Үшінші мәрте чемпион атағын жеңіп алдым. Осы жеңісімді су тасқынынан зардап шеккен барлық қазақстандықтарға арнаймын. Ешкімнің еңсесі түспесін деймін. Біз сіздермен біргеміз», — деді Азамат Дәулетбеков.

Ал Асыл Айтақын (61 келі) финалда қырғызстандық Тайырбек Жумабек уулунан 3:1 есебімен жеңіліп қалды.

«Мақсатым — алтын медаль алу еді. Дегенмен құрлықтық додада күміс медаль бұйырды. Алдағы уақытта кеткен олқылықтың орнын толтырып, жеңіс тұғырынан көрінуге күш саламын», — деді Асыл Айтақын.

Енді 13-14 сәуір күндері әйелдер, 15-16 сәуірде грек-рим шеберлері боз кілемге шығады.

Соңғы жаңалықтар