Азамат Дəулетбеков еркін күрестен Zagreb Open турнирінде күміс алды
Еркін күрестен ұлттық құрама көшбасшысы Азамат Дəулетбеков (86 келі) Хорватия астанасы Загреб қаласында өтіп жатқан Zagreb Open рейтингілік турнирінде күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық балуан алғашқы белдесуінде үндістандық Дипак Пунияны 6:2 есебімен қапы қалдырды.
Қарсыласы 2019 жылғы əлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған тәжірибелі балуан еді.
Одан кейін Азамат украиндық Валентин Бабий мен грузиялық Евсем Швелидзені тізе бүктіріп, финалға жолдама алды.
Финалда Болгария атынан сынға түсіп жүрген ресейлік Магомед Рамазановқа 5:8 есебімен есе жіберді.
Азамат былтыр Сербия астанасы Белградта өткен əлем чемпионатында қола жүлдеге ие болып, Париж Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізді.
Айта кетейік, рейтингілік бəсекеде еліміздің атынан Ирина Казюлина (65 келі), Елена Шалыгина (68 келі) мен Эльмира Сыздықова (76 келі) күш сынасады.