Азаматтардың шағымымен биыл 200-ге тарта полицей сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтардың шағымымен биыл 200-ге тарта полицей қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері бойынша қоғамдық кеңестің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Қоғамов мәлім етті.
None
None

«Қызметтік тексерістерден анықталғанындай, былтыр сыни мақалаларға байланысты 92 адам жазаға тартылды, биыл шамамен 50 қызметкер жазаланды. 2015 жылы 350 сыни мақала жарияланған, 2016 жылы жарияланымдар саны 200-ден асады. Тиісінше, 92 және 50 қызметкер тәртіптік жазаға тартылған», - деп атап өтті ол. 

Оның сөзіне қарағанда, халықтың арыз-шағымына байланысты қызметтік тексерістер жүргізіліп, артынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған полицейлердің саны одан бірнеше есе көп. Жалпы азаматтардан жыл сайын полицейлердің әрекеттеріне және керісінше әрекетсіздігіне қатысты 10 мыңнан астам арыз түседі.

«Арыз-шағымдарға келетін болсақ, олардың саны мыңдап саналады. Жыл сайын полицейлермен заң бұзу бойынша 10 мыңнан астам арыз-шағым түседі. Оның жартысы ақпаратты тіркеу кітабына тіркеледі. Былтырғы және ағымдағы жылды алып қарайтын болсақ, 2015 жылы 200 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталса, 2016 жылдың 10 айында шамамен тағы сонша қызметкер жауапқа тартылды. Бұл жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымы бойынша. Оның ішінде БАҚ беттеріндегі сыни басылымдар да бар», - деп атап өтті М. Қоғамов.

Айта кетейік, соңғы кездері полицейлердің жаға ұстатарлық әрекеттері БАҚ беттерінде көптеп қылаң беруде. Жақында ғана Астанада Монако комиссарына айыппұл салмақ болған полицейлер жұмыстан қуылды. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366 бабы - «Пара алу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Сонымен қатар биыл Алматыда көлікте отырып дәрет сындырған полицей мен оның әріптесі жұмыстан босатылды. 

Соңғы жаңалықтар