Әзербайжан президенті Астанаға не үшін келе жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге көтерілуде. 20-21 қазан күндері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің елімізге жасайтын мемлекеттік сапары – осы серіктестіктің маңызын айқындайтын оқиға. Бұл туралы жан-жақты талдауды Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге жасады.

Астана-Баку
Коллаж: Kazinform / Freepik /commons.wikimedia.org

Стратегиялық әріптестікке – 20 жыл

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнағаннан бері екі ел арасындағы байланыс нығайды.

Ал 2005 жылы қабылданған Стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастар туралы шарт екіжақты байланыстарға жаңа серпін беріп, биыл оның 20 жылдығы атап өтілуде. Осы келісім аясында екі ел халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде (БҰҰ, ТМД, ИЫҰ, ТМҰ, АӨСШК, ЕҚЫҰ және басқалар) тығыз ынтымақтасып, өзара мүддені тиімді қорғайды.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Әзербайжан басшыларының жиі кездесуі мен келіссөздері дамуға серпін берді. Биыл қос президент нәтижелі диалогты қолдап, 17 мамыр мен 10 тамызда телефон арқылы сөйлесулерде екіжақты ынтымақтастық, аймақтық қауіпсіздік, сауда және бірлескен жобалар мәселелерін талқылады.

Жеке кездесулер халықаралық және аймақтық форматтар аясында өтті. 13-14 қаңтарда Абу-Дабиде «Тұрақты даму апталығы» шеңберінде экология, «жасыл» энергетика және цифрландыру тақырыптары қаралды. 20-21 мамырда Будапештте Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммитінде қос президент аймақтық интеграция мен бірлескен экономикалық бастамаларды жүзеге асыру бойынша пікір алмасты.

Ильхам Алиев встретил Касым-Жомарта Токаева в Габале
Фото: Ақорда

Жақында, 6-7 қазанда Габалада өткен ТМҰ-ның 12-ші ресми саммитіне Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің шақыруымен қатысты. Көп ұзамай 10 қазанда Душанбеде ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында кездесті.

Әзербайжанға қандай өнімдер экспортталады?

Әзербайжан ұзақ жылдар бойы мұнайға тәуелді ел ретінде белгілі болғанмен, әлемдік нарықта мұнай бағасының құлдырауы экономиканы әртараптандыру қажеттілігін айқындады.

Осы тұрғыда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық ерекше маңызға ие болып отыр. Әзербайжанның Мемлекеттік кеден комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында екі ел арасындағы тауар айналымы 547,6 миллион АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш еседен астам өскен. Салыстырмалы түрде алғанда, 2024 жылы бұл көрсеткіш 533,4 млн долларды құраса, 2023 жылғы рекордтық деңгей 556,7 млн доллар болған.

товарооборот
Фото: Midjourney

Қазақстан экспортындағы негізгі тауарлар қатарында түсті металдар, шикі мұнай, мұнай өнімдері мен астық басым. Атап айтқанда, биыл экспорттың негізгі үлесін бидай (121,5 млн доллар) және мұнай мен мұнай өнімдері (38,2 млн доллар) құрады. Бұл аграрлық және энергетикалық өнімдерге тұрақты сұраныстың барын көрсетеді. Өз кезегінде Әзербайжаннан Қазақстанға құбырлар, алюминий шыбықтары, ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдері жеткізіледі. Тауар құрылымындағы мұндай әртараптандыру екі ел арасындағы сауда қатынастарының жан-жақты дамып келе жатқанын және экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды сипатын айқындайды.

Сонымен қатар екі елдің белсенді іскерлік қатынасы кәсіпкерлік құрылымынан да көрініс табады. Бүгінде Қазақстанда әзербайжандық капиталдың қатысуымен шамамен 1500 компания жұмыс істейді, ал Әзербайжанда 150-ге жуық қазақстандық кәсіпорын тіркелген.

Инвестициялық ынтымақтастық пен транзиттік әлеует

Қос ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық қарқынды түрде дамып келеді. 2005 жылдан 2025 жылдың бірінші тоқсанына дейін Әзербайжанның Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестиция көлемі 424,6 миллион АҚШ долларын құраса, оның 3,8 миллионы биылғы жылдың алғашқы үш айында салынған. Қазақстан тарапынан осы кезеңде Әзербайжанға бағытталған инвестиция 156 миллион долларды құрап, оның 32,6 миллионы 2024 жылы жүзеге асқан.

Инвестициялық ынтымақтастық тек жекелеген жобалармен шектелмей, ауқымды қаржы тетіктері арқылы да жүзеге асып жатыр. 2024 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ мен Әзербайжан Экономика министрлігі SK-AIH Investment Fund Ltd бірлескен инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қойды. Қордың басты мақсаты – Транскаспий дәлізі және басқа да стратегиялық салаларға инвестиция тарту. Қор шеңберіндегі алғашқы жобалардың бірі – Бакудегі Алят портында интермодальды терминал салу. Бұл жоба жүк тасымалының өткізу қабілетін арттыруға бағытталған.

Қазақстанның транзиттік және экспорттық ағындары, әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) арқылы тұрақты түрде артып келеді.

жүк
Инфографика: Kazinform

Бағыттың даму қарқыны ерекше: соңғы бес жылда жүк тасымалы көлемі алты есе артты. 2025 жылға белгіленген жоспар – 5,2 миллион тонна.

Қазақстан мен Әзербайжан – сенімді мұнай жеткізушілер

Мұнай саласындағы ынтымақтастық та стратегиялық маңызды бағыт ретінде дамып келеді. 2022 жылдың қарашасынан бастап «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен әзербайжандық мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR бірлесіп, Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты арқылы тасымалдауды жүзеге асырып жатыр.

БТД
Инфографика: Kazinform

Алдағы жылдары мұнай экспортының көлемін арттыру жоспарланған, 2027 жылға қарай осы маршрут арқылы жылына 7 миллион тоннаға дейін тасымалдау көзделіп отыр. Сонымен қатар Баку-Супса мұнай құбыры қосымша бағыт ретінде қарастырылып, тасымалдың тиімділігін арттыруға бағытталған. Сарапшылар нақты маршрут пен тасымал көлемін коммерциялық тиімділік пен инфрақұрылымның дайындық деңгейіне қарай анықтамақ.

Ұзақмерзімді перспективада Қазақстан мен Әзербайжан Еуропаны мұнаймен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. 2050 жылға қарай Еуропаға шикі мұнай мен конденсат экспорты тәулігіне шамамен 1,6 миллион баррель деңгейінде тұрақтайтыны болжануда. Бұл жағдай ресейлік мұнай тасымалының азаюымен бірге Каспий аймағындағы Қазақстан мен Әзербайжанның стратегиялық маңызын күшейтеді.

ОПЕК мәліметтері бойынша, Еуропалық одақтың ресейлік мұнайға эмбаргосы дәстүрлі тасымал бағыттарын қайта қарауға мәжбүр етті. Ресей мен Каспий аймағынан импорт көлемі 2024 жылы тәулігіне 1,8 миллион баррельден 2030 жылы 1,7 миллионға, ал одан кейін 1,6 миллионға дейін төмендейді. Осы өзгерістерге байланысты тасымалдың негізгі бөлігін ресейлік емес, Қазақстан мен Әзербайжан мұнайы құрайды. Бұл екі елдің Еуропа нарығындағы ұзақмерзімді, сенімді жеткізушілер ретіндегі орнын одан әрі нығайтады.

Қазақстан мұнайын Әзербайжан
Фото: Kazinform

Сонымен қатар Қазақстан мен Әзербайжан инфрақұрылымдық жобаларды да бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Оның біріншісі – Ақтау мен Сумгаит аралығын байланыстыратын теңіз асты талшықты-оптикалық байланыс желісі. Жоба Қазақстанды ғаламдық интернет желісіне қосатын альтернативті жоғары жылдамдықты маршрут және Еуропа мен Қытай арасындағы цифрлық трафиктің транзитін қамтамасыз етеді. Жүйенің өткізу қабілеті 400 Тбит/с-тан асады. 2025 жылы дайындық жұмыстары толық аяқталып, 2026 жылы құрылыс жұмыстарының басталуы жоспарланған.

Екіншісі – Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстанның энергетика жүйелерін біріктіретін терең су электр кабелін тарту. Жоба жаңартылатын энергияны Еуропаға экспорттауға арналған «жасыл» дәліздің маңызды бөлігі ретінде құрылып, құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Оның пайдалануға берілуі 2026 жылдың екінші тоқсанында жоспарланған.

Астана мен Бакуді байланыстыратын мәдени көпір

Соңғы жылдары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени байланыстар қарқынды дамып, екіжақты қатынастардың маңызды бөлігіне айналды. Екі елде мәдениет күндері, кинофестивальдер, көрмелер, гала-концерттер мен театр қойылымдары тұрақты түрде өткізіліп, ұлттық дәстүр мен өнерді таныстыруға ықпал етіп жүр.

Қазақстан Қарабақ кітапханаларына кітаптар сыйға тартты. Баку мен Сумгаитте көрнекті қазақ мәдениет және ғылым қайраткерлерінің құрметіне көшелер аталды, сондай-ақ Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабаевтың мерейтойларына арналған шаралар ұйымдастырылды.

Білім беру мен ғылыми салаларда студенттер алмасуы, конференциялар, бірлескен ғылыми-оқыту орталықтарын ашу, көрмелер мен дөңгелек үстелдер тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Биыл наурызда Бакуде екі елдің жетекші университеттері арасында 40 меморандумға қол қойылды, сондай-ақ 23 қазақстандық университеттің қатысуымен білім көрмесі ұйымдастырылған. Осылайша, қазақ мәдениеті Әзербайжан аудиториясында кең танымал болып отыр.

Кездесуде қандай мәселелер талқыланады?

Ильхам Әлиевтің Қазақстанға жоспарланған сапары екі ел арасындағы одақтастық қатынасты нығайтуда маңызды кезең болмақ. «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі Ильгар Велизаденің айтуынша, бұл – жай ғана протоколдық кездесу емес, аймақтық қауіпсіздік, қорғаныс, жоғары технологиялар және бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды талқылауға арналған стратегиялық мүмкіндік.

 Ильгар Велизаде
Фото: Kazinform

– Басты назар көлік және логистикалық байланыстарды дамытуға аударылады. Каспий көлік маршрутын жүзеге асыру ілгерілетіліп, тарифтер келісіліп, тиімді инфрақұрылым құрылып жатыр. Сапар барысында осы жобалардың іске асырылуын бекітетін құжаттарға қол қойылуы ықтимал, – дейді И. Велизаде.

Ал қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың пікірінше, мемлекеттік сапардың айқын экономикалық маңызы бар.

– Қазақстан мен Әзербайжан Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың геосаяси өзара байланысы үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды. Бұл елдердің экономикасы, демографиясы және көліктік әлеуеті өсу үстінде. Ынтымақтастықтың маңызды факторларының бірі – өзара сауда мен инвестицияның өсуі.

Алайда, қазіргі кезде тауар айналымы 1 миллиард долларға жетпейді, сондықтан осы мәселені қолға алу қажет. Бұл тақырып кездесуде кеңінен талқыланады деп ойлаймын, – дейді экономист.

Айбар Олжаев
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Сарапшы Зангезур дәлізі мәселесіне де тоқталды.

– Жоба Қытай, Түркия және Әзербайжан сияқты басқа түркі елдері үшін тиімді. Ал Қазақстанға Орта дәлізді дамытуға және логистикалық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Егер ол іске асса, тауар айналымының логистикасы қысқарып, тиімділік артады. Дегенмен, геосаяси тұрғыдан үлкен державалардың мүдделері бар екенін ескеру қажет, – дейді Айбар Олжай.

Қорыта айтқанда, кездесу екі елдің экономика мен өзара ынтымақтастығын арттыруға арналған маңызды шара болмақ.

Соңғы жаңалықтар